Соңғы уақытта Созақ ауданында бұқаралық спортты дамыту мақсатында түрлі спорттық нысандар саны артып келеді. Өңір басшысы Мұхит Тұрысбеков алдағы уақыттың еншісінде жоспарланған жұмыстар кезең-кезеңімен орындалатынын алға тартты.
Созақ ауданы орталығында Дүйсенбек Жұмаділаұлы атындағы жабық үлгідегі кіші футбол алаңының ашылуы – өңірлерді дамыту мәселелерін шешудегі мәдени-әлеуметтік саланы басымдыққа қоюдың нақты көрінісі іспетті. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков атап өткендей: «дене шынықтыру мен бұқаралық спорт – салауатты ұлт қалыптастырудың негізгі тетігінің бірі. Бұл – дені сау адами капиталға инвестиция салуды білдіреді».
1250 шаршы метрді құрайтын заманауи талапқа сай, жасыл төсенішпен жабдықталған жаңа нысанның жыл бойы тұрғындардың спортпен айналысуына мүмкіндік беруі – Созақ ауданының инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты (ТКШ) әлеуметтік мақсаттарға бейімдеу стратегиясының маңызды элементі. Себебі, тұрақты спортпен айналысу – халықтың денсаулығын жақсартып, медициналық жүктемені азайтады.
Нысанның ашылуы жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа жақын болуына жағдай жасайды. Бұл – қылмыстың алдын алуға, әлеуметтік интеграцияны нығайтуға және жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге тікелей әсер ететін әлеуметтік жоба. Жобаны жеке кәсіпкер, «Global Brok» компаниясының директоры Данияр Тоқбаевтың жүзеге асыруы – өңірлердің әртүрлі салалардағы қызметін дамытудағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімді моделінің үлгісі екені айқын.
Аудан басшысы кәсіпкер азаматқа алғыс білдіріп, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жаңа ғимараттың ашылу құрметіне ізгі тілектерін арнап, алдағы уақытта аталмыш нысанда еліміздің атын шығарар спорт саңлақтарының шығуына тілеулес екендерін айтты.
Ашылу шарасына қатысқан ауыл ақсақалдары мен тұрғындар тілегі де бір жерден тоғысты. Спорт нысанының ашылуында ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, осындай ілкімді істердің іргеленуіне ұйытқы болатын азаматтарымыздың қатары көбейе берсін деген тілектерін білдірді. Әрине, ауылдарда спорт кешендерінің көптеп ашылуы, инфрақұрылымдық жобалардың тек қана техникалық емес, сонымен бірге мәдени-рухани құндылығын арттыратыны рас. Сондай-ақ, жаңа заманауи алаңның ашылуы дәстүрлі құндылықтармен ұштастырыып, Созақ ауданының өңірлік дамуды ұлттық мәдениетті сақтай отырып жүзеге асыруға деген саналы ұмтылысын көрсетті.
Алаңның ашылуынан кейін бірден ересектер арасында кіші футболдан турнир басталып, оған 12 команда қатысып, жаңа нысанның бірден қоғамдық сұранысқа ие болғанын және спорттық белсенділікті жандандыруға қызмет ететінін дәлелдегендей күй сыйлады.
Дүйсенбек Жұмаділаұлы атындағы кіші футбол алаңының Созақ ауданы орталығында ашылуы – өңірлерді дамытудың кешенді стратегиясының әлеуметтік блогындағы айтарлықтай жетістік. Бұл жоба инженерлік инфрақұрылымды әлеуметтік мақсаттарға пайдаланудың тиімді үлгісін көрсетеді. Мемлекет, жергілікті кәсіпкерлік және қоғам – бірлескен күш арқылы Созақ ауданының салауатты, белсенді және тұрақты болашағына негіз қалады.

