Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды деп атап өткен болатын.
Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы тапсырмалары аясында тұрақты өсімді қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті қолдауға, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған экономиканы дамыту жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруда. Мемлекет басшысының сөзінше, дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – бүгінгі таңда ең қажет шараға айналуда.
Түркістан қаласында өткізіліп жатқан «Turkistan International Investment and Tourism Forum – 2025» халықаралық форумы – Созақ ауданы сияқты аграрлық әлеуеті жоғары өңірлердің экономикалық дамуына қаржылық және технологиялық серпіліс беруге арналған стратегиялық алаң деуге болады. Өйткені, ауданның экономикалық әлеуетінің шетелдік инвесторларға таныстырылуы – жергілікті экономиканы жаһандық капиталмен және инновациялық тәжірибемен жетілдірудің нық қадамы болып табылмақ. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 50 инвестициялық жоба іске қосылып, 2600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Өңірдің әлеуеттілігін арттыратын көрсеткішке, Созақ ауданы да соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізіп келеді.
Аудан экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығы мен егіншілікке негізделген. Сонымен қатар, ауданда уран өндірумен айналысатын кәсіпорындар жұмыс істейді, бұл өз кезегінде өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің ұлғаюына оң әсерін тигізуде. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы инвестициялар, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және коммуналдық қызметтердің жақсаруы ауданның тұрақты дамуына негіз болуда.
Созақ ауданының ауылшаруашылық саласы – өңірдің экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Аудан тұрғындарының көпшілігі осы салаға тартылған, өйткені ауыл шаруашылығы – жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігінің негізі. Табиғи-климаттық жағдайлар мал шаруашылығы мен егіншілікпен айналысуға қолайлы мүмкіндіктер береді.
Ауданда мал шаруашылығы кеңінен дамыған, әсіресе қой, сиыр және түйе өсіру басым бағыттардың қатарында. Сонымен қатар, бақша дақылдары мен дәнді-дақылдарды өсіру де жылдан-жылға ілгерілеп келеді. Ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу және өндірісті әртараптандыру арқылы сала біртіндеп жаңарып, нарықтық сұранысқа бейімделуде. Мемлекеттік қолдаудың, субсидиялар мен бағдарламалардың арқасында ауыл шаруашылығында жаңа жобалар іске асырылып, кәсіпкерлікке жол ашылып келеді. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартып, аудан экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.
Жалпы, Түркістан облысында жалпы аумағы 2397,3 гектарды құрайтын 20 индустриалды аймақ құрылған. Қазіргі уақытта жалпы құны 39,5 млрд. теңгеге 50 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 2 609 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ алдағы уақытта жалпы құны 112,4 млрд. теңгеге 48 инвестициялық жобаны іске асырып, 3 812 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Аталған инвестициялық жобалар құрылыс материалдарды және дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, пластмассадан жасалған өнімдерді өндіру, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларында жүзеге асырылып жатса, Созақ өлкесінің өнеркәсіптік әлеуетінің үлесі үстем. Тарқатып айтсақ, ел көлемінде уран өндірісі бойынша көш керуенін Созақ ауданы бастап тұр. Созақ ауданының өнеркәсіп саласы өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып саналады. Уран өндіру өнеркәсібі ауданның дамуына ерекше серпін беруде.
Мысалы, «Қазатомөнеркәсіп» – табиғи уран өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Ол экологиялық қауіпсіздік пен заманауи өндіріс технологияларын ұштастыра отырып, әлемдік нарыққа жоғары сапалы өнім жеткізеді. Компанияның жұмысы Қазақстанның ядролық энергетика саласындағы халықаралық беделін арттыруға елеулі үлес қосуда. Бүгінде Созақ ауданының аумағында әлемге танымал «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына қарасты бірқатар уран өндіруші кәсіпорындар жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, «Инкай», «Буденовское», «Орталық», «Katco», «Ақбастау», «Қаратау», «ЮГХК», «Аппақ, «ҚазАтомӨнеркәсіп-SaUran» кен орындарында экологиялық талаптарға сай заманауи технологиялар қолданылып, жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен уран өндіріледі.
Мұндағы «Инкай» бірлескен кәсіпорнында уран өндіру жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен жүзеге асады. Жыл сайын ондаған тонна табиғи уран өндіріліп, әлемдік нарыққа экспортталады. Ал «Буденовское» кен орны – еліміздегі ең ірі уран кен орындарының бірі. Бұл жерде бірнеше бірлескен кәсіпорындар уран өндірумен айналысады. «Буденовское» кенішінің табиғи уран қоры мол, әрі стратегиялық маңызы жоғары. Жалпы, уран өндіру саласы аудан халқын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, өңірде әлеуметтік нысандардың салынуына және инфрақұрылымның дамуына ықпал етуде. Сонымен қатар, ауданда уран өндірісінен бөлек құрылыс материалдарын өндіру және шағын өнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа жобалар қолға алынып, өңдеу өнеркәсібі саласында жаңа мүмкіндіктер туындады. Бұл бағыттағы жұмыстар Созақ ауданының өндірістік әлеуеті жоғары өңірлердің қатарына қосуға мүмкіндік береді.
– Президент халыққа арналған биылғы Жолдауында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне айрықша мән берді. Сондықтан индустриалды аймақтарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға басымдық бере отырып жұмыс жүргізу қажет. Индустриалды аймақтар инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылуы тиіс, — деген еді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аппараттың мәжілісінде. Инвестиция тарту – өңірлік даму мәселелерін сыртқы ресурстар есебінен тиімді шешуге және мемлекеттік бюджетке тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – Созақ ауданының экономикалық егемендігін нығайтудың философиялық мәні десек артық айтқандығымыз емес.
Ия, Түркістанда өтіп жатқан «Turkistan International Investment and Tourism Forum – 2025» халықаралық форумына ауданнан барған кәсіпкерлердің халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізуі және тәжірибе алмасуы – Созақ ауданының жергілікті бизнесінің белсенділігін және өңірлік дамуға жеке сектордың қатысуының маңыздылығын көрсетеді.
Жергілікті кәсіпкерлердің жаңа экономикалық бағыттар, өндіріс көлемін арттыру және нарыққа шығу жолдары бойынша сауалдар қойып, тәжірибе жинақтауы, олардың өз бизнестерін жаһандық стандарттарға бейімдеуге деген ұмтылысын білдіреді. Бұл – Созақ ауданының экономикалық құрылымын сапалы өзгертуге және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет етері сөзсіз.
Ал, халықаралық компаниялармен серіктестік орнату мүмкіндіктерін қарастыру – Созақ ауданына жаңа басқару тәжірибелерін, маркетингтік арналарды және әлемдік стандарттарды енгізуге жол ашады. Жалпы, «Turkistan International Investment and Tourism Forum – 2025» – Созақ ауданының агроөнеркәсіптік әлеуетін және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін әлемдік аренада таныстыруға теңдессіз мүмкіндік берді. Форумда талқыланған жобалар мен келіссөздер – өңірлерді дамытудың стратегиялық бағыттарымен толық үндеседі. Инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, ТКШ саласын дамыту – Созақ ауданының тұрақты экономикалық өсуін және тұрғындардың әл-ауқатының сапалы жақсаруын қамтамасыз ететін кешенді әрекеттер. Бұл – Созақтың жаңа экономикалық өрлеудің ошағына айналуының нақты көрінісі.

