Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында: Әділетті Қазақстанның негізі – «Заң мен тәртіп» қағидасы деген болатын. Қазіргі таңда қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мемлекеттің тұрақты дамуының негізі болып саналады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында басқарушы органдар алдына әрбір азамат өзін қорғауда сезінетін және мемлекеттік институттарға сенетін тиімді қауіпсіздік жүйесін құру міндетін қойды. Бүгінде Қазақстанда Үкімет бұл жұмысты кешенді түрде жүргізуде: тарқатып тоқталсақ, қылмыстың алдын алу шаралары күшейтіліп, цифрлы технологиялар енгізілуде, заңнама жетілдіріліп, мемлекет пен қоғам арасындағы әріптестік нығайтылуда.
«Президент заң мен тәртіп мемлекет пен қоғамның ең басты қағидатына айналуы керектігін айқындап берді. Бұл – Мемлекет басшысы саясатының басты негіздерінің бірі. Президенттің бұл тапсырмасын бұлжытпай іске асыру – барлық мемлекеттік органның, ең алдымен, құқық қорғау құрылымдарының міндеті. Полиция кез келген, тіпті кішігірім құқық бұзушылықтарға бірден ден қоюы тиіс. Бұл – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы», — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Премьер-министірі Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, оқу-ағарту министірлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қосымша шаралар әзірлей отырып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу саласында іске асырылып жатқан іс-шаралардың тиімділігіне талдау жүргізіп отыруды тапсырған болатын.
Үкімет отырысында айтылған мәселелер мен шегелеп тапсырылған тапсырмаларды Түркістан облысы Созақ ауданы әкімдігі жүйелі түрде орындап келеді. Нақтырақ айтар болсақ, Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен Созақ ауданында жалғасын тапқан «Қаржылық қауіпсіздік алауы» аймақтық эстафетасы – бұл тек ақпараттық науқан ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің азаматтарды қорғауға және қаржылық қылмыстардың алдын алуға, алаяқтыққа жол бермеудің құқықтық-саяси міндеттемесінің символикалық көрінісіне айналды деуге болады.
Бүгінгі таңда, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру және алаяқтықтың алдын алу мәдениетін нығайту – Әділетті Қазақстанның материалдық және моральдық тұрақтылығының негізгі шарты болып табылатыны бәрімізге аян.
Шара аясында «Заң мен Тәртіп» қағидалары кеңінен түсіндіріліп, құқықтық мәдениетті нығайтуға, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуіне және қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтауға шақырды. Мұнан бөлек, жеке деректерді қорғаудың маңызына ерекше назар аудару қажеттілігі жайында әңгіме өрбіп, мемлекеттің азаматтардың жеке өмірі мен активтерінің құқықтық қорғалуына кепілдік беруді білдіретіні түсіндірілді. «Қаржылық қауіпсіздік алауының» аудан жастарына бағытталуы және аудан әкімінің орынбасары Серік Мамановтың қатысуы – Созақ ауданы басшылығының адами капиталды дамытуға деген басымдығын көрсетті. Серік Маманов, сала мамандары, спортшылар және ауданның белсенді жастары қатысып, қаржылық қауіпсіздікті насихаттайтын алауды жағу рәсіміне өз үллестерін қосты. Шара аясында аудан жастары мен спортшыларының қатысуымен жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру – бұл тек оларды алаяқтардан қорғау ғана емес, сонымен бірге олардың болашақтағы экономикалық шешімдерінің сапасын арттыруға және тұрақты кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға қосылған құнды инвестиция. Спортшылардың қатысуымен ұйымдастырылған жүгіру марафоны – қаржылық қауіпсіздік идеясын салауатты өмір салтымен, бірлікпен және аудандық патриотизммен ұштастырады. Шара барысында банк карталарын пайдалану ережелері, интернет-банкингтегі қауіпсіздік, онлайн-алаяқтық түрлері және олардан сақтану жолдары туралы жан-жақты ақпараттар беріліп, «Адал азамат» тұжырымдамасын цифрлық дәуірдің контекстіне енгізеді. Заманауи алаяқтықтардан сақтану – тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, сонымен бірге әрбір азаматтың жеке деректері мен активтеріне деген жауапты, саналы қарым-қатынасы. Адал азамат – мемлекеттік жүйеге сенетін, бірақ өзінің жеке қауіпсіздігіне де жауапкершілікпен қарайтын тұлға.
- Қаржылық қауіпсіздік туралы ақпаратты ашық және жаппай түсіндіру – биліктің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында халықтық мүдделерді қорғауға деген ұмтылысын көрсетеді.
Созақ ауданында өткен «Қаржылық қауіпсіздік алауы» эстафетасы – Президенттің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының жергілікті деңгейдегі жұмысын көрсетеді. Үкіметтік құрылым, яғни Қаржылық мониторинг агенттігі, Аудан әкімдігі – жастардың, аудан азаматтарының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты, жүйелі және халыққа бағытталған әрекеттерді жүзеге асыруда.
Сараптай келе айтпағымыз, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін ақпараттық қолдау – осы шара арқылы жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттің қауіпсіздік шараларына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық салалардағы тұрақтылығының сенімді кепілі бола алары сөзсіз.

