Ақша операцияларының арнайы саласы болып табылатын нарықтық қатынастар жүйесі – қаржы нарығы. Экономикамызды қаржыландыратын негізгі канал ақша нарығы екені тағы бар. Осыдан кейін еліміздің өңірлерінде іске асырылатын жобалар мен өңірлерді дамыту мәселелерінің барлығы да қаржыға келіп тіреледі. Осы ретте, тарихы тереңде жатқан – теңгеміз жайында Бәйдібек ауданында ауқымды іс-шара өткен болатын.
Жалпы, ақша-несиелік саясаттың тиімділігін арттыруға 1995 жылғы наурыздағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Заң себепші болды. Ол бойынша Ұлттық банк өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп беретін болды. 1993 жылдың 20 қазанынан бастап теңгенің өзге елдердің валюталарына шаққандағы бағамы белгіленді. Ең бірінші, 1 АҚШ доллары – 4,75 теңгеге тең болды. Қазір мұндай жақындастық жоқ. Орта есеппен алғанда, 1 доллар – 520 АҚШ доллар. Тәуелсіздік жылдары теңге бағамы неше рет құбылды, ел экономикасының өсу инерциясына байланысты теңгенің бағамы құлдырады да, шикізат экспорты есебінен теңге бағамы көтерілді де. Бірнеше жыл бойы тұрақты экономикалық өсім теңгенің нақты бағасын ұстап отырды. Бірақ соңғы жылдары мұнай бағасының түсуі теңге құнын да түсірді. Әлбетте, төл теңгеміздің құны шетел валюталарына шаққандағы құнымен есептелмейді. Әсілі, ұлттық валюта тәуелсіздігіміз бен дербестігімізді паш ететін негізгі фактор. Экономикасы дамыған, тамыры тереңде жатқан мемлекеттердің валютасымен теңесе алмайтынымыз анық. Енді ғана тәй-тәй басқан еліміздің асар белестері көп. Инфляция деңгейі соңғы айларда төмендеген, отандық банктерде сақтаулы депозиттердің көпшілігі теңгеге ауыстырылған, банк операциялары мен сауда-саттық теңгемен жүзеге асады. Олай болса қазақ теңгесінің дәурені алда екенінде сенім мол.
Бәйдібек аудандық мәдениет үйінде өткен «Теңге тарихы – Ел тарихы» атты салтанатты іс-шара – Ұлттық валюта – Теңге күнін және Қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін тойлау арқылы, Қазақстанның экономикалық дербестігінің фундаменталды мәнін дәріптеді. Бұл мерекелік шара – ұлттық валютаның тек қаржылық құралы ғана емес, сонымен бірге тәуелсіз мемлекеттің саяси, тарихи және мәдени егемендігінің басты символы екенін идеологиялық тұрғыдан танытты.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиевтің құттықтау сөзінде ұлттық валюта – теңгенің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы тарихи рөліне тоқталуы – теңгенің экономикалық реформалардың, қаржылық тұрақтылықтың және ұлттық нарықтың негізін қалаушы маңыздылығын ерекше тоқталды. Себебі, төл теңгемізді енгізу – саяси тәуелсіздіктің экономикалық баламасы болып, ұлттық экономиканың сыртқы ықпалдардан қорғалуына кепілдік бергені рас.
— Тәуелсіздік алғаннан кейін қолымызға төл теңгеміз тиді. КСРО құлаған соң Ресей біздің рубльдік аймақтан шығуымызды талап еткен. Себебі, оларға экономикалық тұрғыдан тиімсіз болды. Сөйтіп, Президент төл валютамызды Англияда шығарудың амалына көшті. Ол да оңай болған жоқ. Банкноттың нобайын жасауға жиналған төрт суретші тарапынан түрлі ұсыныс болған. Тіпті, Президенттің портретін қоюды да алға тартқан. Бірақ, Мемлекет басшысы одан бас тартты. Ақыры ұлы тұлғаларымызды төл теңге арқылы таныту құпталды. Кейін ақшамыз өз елімізде шығарыла бастады. Монета да, банкноттар да тарихты танудың бір құралы болуы тиіс. Сондықтан кезінде «Әл-Фараби» сериясымен шыққан банкноттар да, «Сақ» стилімен басылған ақшамыздың да орны бөлек,- деді Бақыт Қырғызалиев.
Мерекеге аудан басшылығы, қаржы саласының ардагерлері мен қызметкерлерінің қатысып, қаржы секторының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті рөліне тоқталды. Қаржы саласы мамандарының еңбегі – бұл тек сандармен жұмыс емес, сонымен бірге бюджеттік үдерістердің, салықтық түсімдердің және инвестициялық жобалардың тиімді басқарылуын қамтамасыз ететін интеллектуалды және әкімшілік жауапкершілік екенін тілге тиек етті.
Ашығын айтсақ, 2025 жыл Қазақстан үшін индустрияландыру қарқыны ең жоғары болатын кезеңдердің бірі болмақ. Биыл ел аумағында жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жоба іске қосылып, нәтижесінде 20,1 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар толық қуатына шыққан соң, өндіріс көлемі 2,2 трлн теңгеге дейін жетеді деген болжам бар. Өткен жылдың өзінде елімізде 1,2 трлн теңгеге бағаланған 180 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Өңдеу өнеркәсібін отандық шикізатпен қамтамасыз етудің жаңа механизмі де саланың дамуын жеделдетіп, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз еткенін аудан әкімінің орынбасары айтып өтті.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қаржы саласы мамандарының ауданымыздың дамуына қосып отырған зор үлесін атап өтіп, еңбектері үшін алғыс білдіріп, қаржыгерлер еңбегінің аудан халқының әл-ауқатын арттырудағы стратегиялық маңызы жайында сөз қозғады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін қаржы саласының бірқатар қызметкерлерін Түркістан облысы және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттап, мемлекеттік аппараттың өз қызметкерлерінің кәсібилігін, адалдығын және нәтижелілігін бағалаудағы әділеттілігін білдіреді.
Іс-шара барысындағы Теңге – еліміздің экономикалық дербестігінің, ұлттық болмыс пен мәдениеттің жарқын белгісі екені айтылып, әр банкнотта бейнеленген тұлғалар мен ұлттық өрнектердің мәніне тоқталу – ұлттық валютаның мәдени-гуманистік функциясын ашты. Әрбір теңге банкнотында бейнеленген тарихи тұлғалар мен ұлттық өрнектер – Қазақстан тарихының, мәдени мұрасының және ұлттық рухының визуалды және символикалық коды болып табылады. Теңге – мәдениет пен экономиканың диалектикалық бірлігінің материалдық дәлелі екеніне ешкімнің де таласы жоқ болар. Бәйдібек ауданында өткен бұл мерекелік іс-шара – аудан басшылығының тек әкімшілік және шаруашылық мәселелермен ғана емес, сонымен бірге ұлттық құндылықтарды, тарихи сананы және кәсіби мерекелерді жоғары деңгейде атап өту арқылы мемлекеттік идеологияны жергілікті деңгейде нығайтуға деген жүйелі ұмтылысын көрсетті. Жалпы алғанда, индустриалды даму елдің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып отыр. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы, өндіріс көлемінің артуы және импортқа тәуелділіктің азаюы – Қазақстанның өнеркәсіптік модернизациясының нақты нәтижесі. Сондықтан да, Теңге күні – Қазақстанның қаржылық тәуелсіздігінің салтанаты, ал қаржы қызметкерлерінің мерекесі – осы егемендікті күнделікті еңбектерімен қамтамасыз етіп отырған мамандардың еңбегіне деген қоғамдық құрметтің көрінісі. Бұл мереке – Бәйдібек ауданының экономикалық тұрақтылығына және келешекке деген сеніміне құрылған сенімді іргетасты білдіретіні сөзсіз.

