Қазақстан полициясының тарихындағы жарқын беттердің бірі – Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың өшпес ерлігі. Бұл батырлыққа арналған «Капитан Байтасов» фильмінің көрсетілімі Шымкент қаласында өтіп, оны Шымкент қаласы полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының жеке құрамы арнайы тамашалады. Бұл іс-шара тек мәдени шара ғана емес, сонымен бірге жас полицейлердің рухын көтеретін және отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызы зор отандық фильм болды.
Фильмнің сюжетіне тоқталар болсақ, 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында болған қайғылы, әрі қаһармандық оқиғаға негізделген. Сол күні террористік қауіп төнген сәтте полиция капитаны Ғазиз Байтасов еш ойланбастан, өз өмірін қатерге тігіп, кәсіби борышын соңына дейін орындады. Оның осы ерлігінің арқасында көптеген бейбіт тұрғынның өмірі аман қалды. Капитан Байтасовтың ерлігі – уақыт өткен сайын ұмытылмайтын, бүгінгі полиция қызметкерлері үшін үлгі болатын айқын дәлел. Бұл туынды тек көркем фильм ғана емес, ол – адам өмірінің басты мұраты Отанға адал қызмет ету екенін көрсететін терең тәрбиелік мәні бар рухани туынды.
Фильм барысында капитан Байтасовтың қысқа ғұмырында өз борышына қалай адал болғаны, ел алдындағы антына соңына дейін берік болғаны айқын көрсетіледі. Оның әрбір қадамы, әрбір шешімі — құқық қорғау саласының қызметкері қандай болу керектігін дәлелдейді. Полиция үшін бұл фильмді көру — тарихты еске түсіру, әрі қызметтік міндеттің қасиеттілігін сезіну болып табылады.
Көрсетілім соңында Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының жеке құрамы өз әсерлерімен бөлісті. Қызметкерлердің айтуынша, бұл фильм олардың патриоттық сезімін оятып, еңбектеріне деген адалдықты одан әрі күшейткен. Қазақстанның әрбір полицейі Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігін жадында ұстап, оның жолын жалғастыруға міндетті. Өз кезегінде, полиция департаменті мұндай шаралардың жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын нығайтуға және қызметтік тәртіпті күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

