Шымкент қаласы Патрульдік полиция полк командирінің орынбасары, полиция подполковнигі Аширбаев Тоқтарбек Мырзакелдіұлы «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында Сейтжан мектебіне арнайы барып, оқушыларға жол қозғалысы ережелері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Іс-шара барысында 2–3 сынып оқушыларына арналған сабақ интерактивті түрде өткізілді. Кішкентай бүлдіршіндерге жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілері, бағдаршамның қызметі және жолдан қауіпсіз өту тәртібі туралы қарапайым әрі қызықты етіп түсіндірілді. Оқушылардың тақырыпқа деген қызығушылығын арттыру үшін оларға патрульдік полицияның арнайы қызметтік автокөлігі мен мотокөліктері көрсетілді. Балалар көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алып, қызықтырған тақырыптар бойынша пікір алмасты. Бұл әдіс балалардың ережені жақсырақ есте сақтауына көмектесетіні айтпаса да түсінікті.
Осындай пайдасы орасан шарадан жоғары сынып оқушылары да назардан тыс қалмады. 9–10–11 сынып оқушыларына жолдағы қауіпсіздікті сақтаудың маңызы жөнінде арнайы бейнежазба көрсетіліп, оның негізінде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған мазмұнды әңгіме жүргізілді. Бұл кездесуде жастарға жол ережелерін бұзғандағы жауапкершіліктің заңдылығы, апатты жағдайлардың себептері мен салдары туралы толық мәлімет берілді. Бұл мәліметтер жастарды саналы шешім қабылдауға және өз өмірлеріне жауапкершілікпен қарауға шақыратыны сөзсіз.
«Шараның негізгі мақсаты – жас буынның жолда жүру мәдениетін қалыптастыру. Жол ережесін кішкентай кезінен санасына сіңірген балалар болашақта жауапкершілігі мол жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер болып қалыптасатынына септігін тигізеді деген сенімдемін»,- дейді Патрульдік полиция полк командирінің орынбасары, полиция подполковнигі Аширбаев Тоқтарбек Мырзакелдіұлы. Полицияның бұл бастамасы қоғамдағы жол қозғалысы мәдениетін жақсартуға үлкен үлес қосары сөзсіз. Бұл іс-шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі полицияның үздіксіз жұмысының бір бөлігі екенін біле жүргеніміз абзал.

