Шымкент қаласында «Абай әлемі» атты республикалық байқау сәтті аяқталды. Бұл байқау алғаш рет республикалық деңгейде өтіп отыр. Бұған дейін екі мәрте қалалық деңгейде ұйымдастырылған болатын. Биылғы дода екі кезеңнен тұрды және оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген 117 қатысушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Байқау барысында қатысушылар Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқып, қара сөздерінен терең ой толғап, ұлы ақынның рухани мұрасын кеңінен насихаттады. Сахна төрінде Абайдың дара әлемі, даналық сөзі, ұлттық құндылыққа толы ойлары көркем түрде көрініс тапты. Байқау көрерменге рухани серпіліс сыйлап, жастардың өнерге, әдебиетке деген ықыласын арттырды.
Аталған байқауда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің офицері, лейтенант Бекжан Мәлік бас жүлдені жеңіп алып, 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар, қатардағы жауынгер Жұлдызбек Ромашев жүлделі III орынды иеленіп, 300 мың теңге ақшалай марапатқа қол жеткізді.
Байқауға белсене қатысқандары үшін қатардағы жауынгерлер Қанат Мадихан пен Бақытжан Артықбай алғыс хат және 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақымен марапатталды.
Осылайша, Абай мұрасын ұлықтаған рухани кеш жоғары деңгейде өтіп, жас буынға өнегелі тәрбие беруде маңызды рөл атқарды.

