30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай Шымкент қаласында «Адам саудасын бірге тоқтатамыз!» атты ауқымды ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті.
Бұл шараны Шымкент қаласы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, «Сана Сезім» қоғамдық бірлестігі үкіметтік емес ұйымының өкілдері, Шымкент қаласы және Абай ауданы әкімдіктерінің қызметкерлері бірлесіп, теміржол вокзалы мен әуежайда өткізді.
Шара барысында тәртіп сақшылары мен ұйымдастырушылар жолаушылар мен қала тұрғындарына адам саудасының қауіптілігі, оның түрлері мен белгілері туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, соңғы кезде кейбір ата-аналар арасында балаларын қараусыз қалдыратындардың жиі кездесетіні, нәтижесінде жасөспірімдердің жоғалу фактілері орын алып жатқанына да сөз болды. Тіпті, қайғылы жағдайлармен аяқталып жатқан оқиғалар төңірегінде әңгіме өрбіді. Ашығын айтқанда, адам саудасы – бұл қазіргі заманғы құлдық түрі болып табылатын, адам құқықтарын өрескел бұзатын ауыр қылмыс екені түсіндірілді. Азаматтарға мұндай жағдайлардан сақтану жолдары, күмәнді ұсыныстарға немесе күдікті тұлғаларға қалай мән беру керектігі туралы кеңестер берілді.
Сондай-ақ, адам құқықтарын қорғауға бағытталған арнайы жадынама парақшалары таратылып, тұрғындармен профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Бұл жадынамаларда адам саудасының құрбаны болу қаупін азайтуға көмектесетін нақты нұсқаулар, сондай-ақ көмек алуға болатын байланыс нөмірлері көрсетілді. Бүгінгі өткізілген акцияның басты мақсаты — қоғамда адам саудасы туралы түсінікті қалыптастыру, осы қылмыстың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасындағы бақытты балалық шаққа қиянат жасамау. Неге десеңіз, статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 1500 адам із-түссіз жоғалады екен. Олардың басым бөлігі – оқушы жастағы балалар екендігін ескергеніміз жөн. Осы ретте, халықтың ақпараттандырылғандығы және қырағылығы – адам саудасымен күрестегі ең тиімді құралдардың бірі екендігін білгеніміз абзал. Шара соңында Шымкенттік полицейлер адам саудасына байланысты кез келген күдікті жағдайлар немесе қылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі сұрақтар туындаған жағдайда «102» нөмірі бойынша дереу хабарласу қажеттігін ескертеді.

