Түркістан облысының іргелі аудандарының бірі – Сайрам ауданы өзінің экономикалық әлеуеті мен тығыз орналасқан халқымен ерекшеленеді. Жалпы аумағы 114 761 гектарды құрайтын бұл аудан 11 ауылдық округтен және 42 елді мекеннен тұрады.
Мұнда 241 мыңнан астам халық тұрады, бұл облыс халқының 11 пайызын құрайтын айтарлықтай көрсеткіш. Сайрам ауданының даму динамикасы бүгінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, өңірдің экономикалық өсіміне елеулі үлес қосуда. Осы орайда шағын кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан экономикасын дамытып, аудан бюджетінің кірістер бөлігін ұлғайтуда жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету саласында құны жеті кәсіпкерлік нысан, яғни ойын сауық кешені, сауда орталықтары, монша және супер маркет іске қосылып, екі жүзге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Оған қоса ауданымыз, өндірілген етпен ауданды ғана емес, республикамыздың басқа да өңірлерін қамтып отыр. Былтырғы жылы өндірілген 49,1 тонна еттің 31,8 мың тоннасы экспортқа шығарылып, облыс көлемінде экспортқа шығарылатын еттің 96 пайызы ауданның үлесінде болды.
Осы ретте аудан әкімі Арман Сәбитұлы Сәбитовтың білімділігі мен біліктілігіне және іскерлігіне, ұжымды ұштастырып, аудан тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік әлеуетін арттыруға қосып отырған жемісті ісіне тоқталмай кеткеніміз әбестік болар. Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Арман Сәбитұлының еліне жасап отырған ерен еңбектері мұнымен тоқтала қоймасы анық.
Сонымен, аудан экономикасының негізгі бағыттары және даму стратегиясы, соның ішінде Сайрам ауданының экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі – шағын кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және осы арқылы аудан бюджетінің кірістер бөлігін ұлғайту болып табылады. Ауданның еңбек нарығын дамыту жөніндегі тұжырымдама аясында 12 879 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. Ағымдағы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 3216 азамат бұл жобаға қатысып үлгерген. Оның ішінде 974 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылса, 299 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 189 адам жастар практикасына, 1592 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Сонымен қатар, «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» тапсырмасы бойынша жыл басынан бері 162 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл көрсеткіштер аудан басшылығының халықты жұмыспен қамтуға деген айрықша назарын көрсетеді.
Аграрлық әлеует және агроөнеркәсіп кешені саналатын ауданның – ауыл шаруашылығы өркендеген, қалыптасқан аграрлық аудандардың бірі әрі бірегейі деп ауыз толтырып айтуға болады. Ауданның агроөнеркәсіп кешені мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және қайта өңдеу бағытында қарқынды дамуда. Бұл бағыттар ауданның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, республиканың азық-түлік қауіпсіздігіне де өз үлесін қосуда. Бүгінгі таңда Түркістан өңіріндегі инвестициялық жобалар – дамудың қозғаушы күші екені бесенеден белгілі. Бүл бағытта Сайрам ауданының басты бағытындағы басымдықтардың бірі – инвестиция тарту арқылы жаңа кәсіпорындарды ашып, жаңа жұмыс орындарын құру, бюджет кірістерін ұлғайту және тұрғындардың талаптарын шешуге бағыттау. Әрине бұл мақсатта ауқымды жұмыстар да атқарылуда. Атап айтқанда, 2024 жылы жалпы құны 15,5 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 235 жаңа жұмыс орны ашылған болатын. Бұл жетістік ауданның инвестициялық тартымдылығын көрсетеді. Биылғы жылғы жоспарлардың басымдығына тоқталар болсақ, ағымдағы жылы аудан экономикасындағы өсу қарқыны одан әрі күшеймек. Жалпы құны 50,4 млрд. теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, нәтижесінде 1 223 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл жобалардың ішінде бірнеше ірі және стратегиялық маңызды кәсіпорындар бар. Біздің жұмысымыздың басымдықтарының бірі – инвестиция тарту арқылы кәсіпорындарды ашып, жаңа жүмыс орындарын құру, бюджет кірістерін ұлғайтып, тұрғындардың талаптарын шешугн бағыттау.
Атам қазақта « Еңбек – адамның көркі, адам – заманының көркі» деген қанатты сөз бар. Осыған орай мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы – бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең силы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды»-, деген еді.
Осы тұрғыда мал шаруашылығын дамыту бағытында да бірсапыра істер ілгерілеуде. Мысалы, «KAZ ECO MEAT» жауапкершілігі шектеулі серіктестік, «МЕАТ MAGNAT» өндірістік кооперативі, «DAK INVESTMENT GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің – мал бордақылау кешені, мал сою алаңы және етті қайта өңдеу бағытындағы жобалары, жеке кәсіпкер «УБАЕВ» мал қалдықтарын өңдейтін цехты іске қосады. Мұнан бөлек, «RED GOLD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Австралиялық технология бойынша мал сату биржасын ашуды жоспарлауда, бұл ауданның аграрлық секторына жаңа серпіліс берері сөзсіз.
Өндірістік және инновациялық жобалар саласында «ЗАВОД АВТОТЕХНОЛОГИИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестік – арнайы жасақталған көліктер шығаратын зауытты жыл соңына іске қосады. Ал, «KUZOV KARABULAK» жауапкершілігі шектеулі серіктестік – ауыр жүк көліктерінің тіркемесін (кузов) шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлауда. Бұл жобалар ауданның өндірістік базасын нығайтып, машина жасау саласына жаңа технологиялар енгізеді.
Біле білсеңіз, Сайрам ауданы – ауыл шаруашылығы өркендеген аграрлыаудандардың бірі екеніне ешкімнің де таласы бола қоймас. Агроөнеркәсіп кешені мал мен егін шаруашылығы және қайта өңдеу бағытында дамуда. Ауыл шаруашылығының заманауи бағыттары жайында тарқатар болсақ, «Gen Group Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестік – жылыжай құрылысының екінші кезеңін бастады, бұл ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға және жыл бойы өнім алуға мүмкіндік береді.
Халыққа қызмет көрсету саласы бойынша, құны 7 шағын кәсіпкерлік нысан, соның ішінде ойын-сауық кешендері, сауда орталықтары, моншалар мен супермаркеттер іске қосылып, 165 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және сервистік инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, ет өндірісі және экспорт – Сайрамның басты мақтанышы болып табылады. Сайрам ауданы тек облыс көлемін ғана емес, республикамыздың басқа да өңірлерін өндірілген етпен қамтып отырған ірі орталық болып табылады. Былтырғы жылы ауданда өндірілген 49,1 мың тонна еттің 31,8 мың тоннасы экспортқа шығарылған. Бұл көрсеткіш облыс көлемінде экспортқа шығарылатын еттің 96%-ын Сайрам ауданының үлесіне тиесілі екенін көрсетеді. Бұл – ауданның агроөнеркәсіп кешенінің жоғары деңгейде дамығанын және оның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін айғақтайды.
«Сайрам Агро» индустриалды аймағы – болашақтың кепілі десек те болады. Бордақылау саласындағы кәсіпкерлердің басым бөлігі елді мекеннен тыс жерде өз кәсібін дамытуға ниет білдіруде. Осы талапты ескере отырып, Арыс ауылдық округінен 587 гектар аумақта «САЙРАМ АГРО» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫ құрылды. Бұл индустриалды аймақ бір мезетте 100 мың бас мал бордақылау алаңдарын, мал сою және мал өнімдерін қайта өңдеу орындарын, тауарлы сүт фермаларын және органикалық биоотын өндіру бағытындағы жобаларды іске асыруға арналған. Сонымен қатар, индустриалды аймақты іске асыру мерзімі 2026-2028 жылдар аралығы деп күтілуде. Аудандағы елді мекен ішінде орналасқан 64 мал бордақылау алаңы мен 36 мал сою орнының тізімі жасақталып, алдағы уақытта осы индустриалды аймаққа орналастыру жоспарлануда. Индустриалды аймақты іске асыру мерзімі 2026-2028 жылдарға межеленген. Бұл жоба Сайрам ауданының аграрлық әлеуетін толығымен ашып, аймақтың ет өндіру және өңдеу саласындағы көшбасшылығын одан әрі нығайта түспек.
Сайрам ауданы – облыс экономикасының локомотивтерінің бірі. Жылдан-жылға артып келе жатқан инвестициялық жобалар, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, аграрлық сектордағы жетістіктер және экспорттық әлеуетінің жоғары болуы ауданның тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. «Сайрам Агро» индустриалды аймағы сияқты стратегиялық жобалар ауданның болашақ дамуына зор серпіліс беріп, оны тек облыстық деңгейде ғана емес, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі маңызды аграрлық және өндірістік орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Сайрам ауданының бұл даму динамикасы облыс экономикасына елеулі үлес қосып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға негіз болатыны сөзсіз. Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Қазақстан халқының әл-ауқатын барынша көтеру жайы баса айтылған еді. Түркістан облысында елдің әлеуметтік-эеономикалық жағдайы басты назарға алынып отыр. Осы ретте Сайрам ауданының әлеуметтік-эеономикалық дамуы тұрақты өсіп келеді деуге әбден болады.