Бүгін, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) 112 пультіне Төлеби ауданындағы “Сайрамсу” шыңынан түсу кезінде 5 кәмелетке толған бойжеткеннен тұратын туристік топтың адасқаны туралы шұғыл ақпарат келіп түсті. Бұл хабарлама ТЖМ қызметкерлерінің жедел жұмылдырылып, таулы аймақтағы іздестіру-құтқару операциясының басталуына себеп болды.
Хабар түскен бойда ТЖД-ның білікті құтқарушылар тобы шұғыл түрде оқиға орнына аттанды. Олардың алдында күрделі міндет тұрды: таулы аймақтың қиындығына қарамастан, адасқан бойжеткендерді тез арада тауып, оларды қауіпсіз жерге жеткізу.
Құтқарушылар 60 шақырым қашықтықты жүріп өтіп, Қасқасу ауылынан 8 шақырым қашықтықта адасқан туристерді тапты. Бұл қашықтық пен жер бедерінің күрделілігі құтқарушылардың кәсіби шеберлігі мен физикалық дайындығын талап ететінін көрсетеді. Таулы аймақтағы іздестіру жұмыстары, әсіресе қараңғы түскенде немесе ауа райы қолайсыз болғанда, ерекше қиындықтар тудырады. Алайда, ТЖМ қызметкерлері өз міндеттерін мінсіз орындап, бойжеткендерді таудан Сайрам-Өгем ұлттық паркінің аумағына аман-есен түсірді. Қуанышқа орай, құтқарылған туристерге медициналық көмек қажет болмады. Олардың денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген екен. Өз өмірлерін қатерге тігіп, көмекке келген құтқарушыларға ризашылықтарын білдіріп, тіпті алғыс сөздерін жеткізді. Бұл оқиға тауға шыққанда сақтық шараларын сақтаудың маңыздылығын тағы да дәлелдеді.
Осы ретте, тауға шыққанда қандай қауіпсіздік ережелерді білген жөн. Таулы жерлерге бармас бұрын ауа райы жағдайы мен кедергілерді, ықтимал қауіптерді ескеру керек. Егерде балалармен тауға шығатын болсаңыз, олар үшін жауапкершілікті ұмытпаған жөн. Оларды қараусыз қалдырмау керек. Сондықтан да өзіңізбен бірге жеткілікті мөлшерде су және компас алғаныңыз абзал. Тауларда адасып, қауіпті жабайы жануарларға кезігіп, жартастан құлап кетуге болады. Қыста тауларда қар көшкіні жүріп, жазда тастардың құлауы мүмкін екендігін және басқа да жайттар бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі туристер мен тауға шығуды жоспарлап отырған барлық азаматтарға бірқатар маңызды ережелерді еске салады: ең алдымен маршрут туралы хабардар етіңіз. Тауға шығар алдында жақындарыңызға немесе сенімді адамдарға бағытыңыз, баратын жеріңіз және қайту уақытыңыз туралы міндетті түрде хабарлаңыз. Бұл төтенше жағдай туындағанда іздестіру жұмыстарын жедел бастауға мүмкіндік береді. Ауа райы болжамын тексеріңіз. Таулы аймақтарда ауа райы күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан, сапарға шығар алдында ауа райы болжамын мұқият тексеріп, оған сай киім мен қажетті жабдықтарды алыңыз. Күннің ашық болуы кепілдік емес, кез келген уақытта жаңбыр, қар немесе тұман түсуі мүмкін.
Байланыс құралдарын өзіңізбен бірге алғаныңыз дұрыс. Ұялы телефонның толық зарядталғанына көз жеткізіңіз. Қажет болса, қосымша қуаттағыш (power bank) немесе спутниктік телефон алыңыз. Бұл төтенше жағдай кезінде көмекке шақыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, телефон желісі жоқ жерлерде жұмыс істейтін басқа да байланыс құралдарын қарастырған жөн. Қосымша заттар, атап айтқанда су, тамақ, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, компас немесе GPS навигаторы, карта, жылы киім, сіріңке немесе оттық, фонарь сияқты заттарды міндетті түрде өзіңізбен бірге алуыңыз керек. Міне тағы да Түркістан облысы ТЖД қызметкерлерінің Сайрамсудағы бұл сәтті құтқару операциясы олардың кәсіби шеберлігі мен халқына деген адал қызметінің айқын көрінісін көрсетті десек артық айтқандығымыз емес. Бұл оқиға таулы аймаққа саяхат жасау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың қаншалықты маңызды екенін тағы да еске салады. Әрбір туристің жауапкершілігі мен сақтығы – төтенше жағдайлардың алдын алудағы басты кепіл. ТЖМ-нің ескертулеріне құлақ асып, тауға шыққанда барлық сақтық шараларын сақтау – өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалғыз жолы екенін білгеніңіз абзал.

