Анығын айтқанда, даладағы өрттердің бәрі сыртқы себептерден болады. Кейде дала өрттерінің орын алуы құрғақ шөптердің жануынан, яғни кейде найзағайдан да болады, алайда көбінесе адамдардың салғырттығынан орын алып жатады.
Неге десеңіз, жаз мезгілінің келуімен табиғатқа шығушылар саны артады, алайда бұл кезеңде орман-дала өрттерінің қаупі де күшейе түседі. Осыған орай, Келес ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі (ТЖБ) аудан тұрғындарын сақтық шараларын қатаң сақтауға және табиғатта өрт қауіпсіздігі ережелерін бұлжытпай орындауға шақырады. Себебі, бір ғана салғырттық үлкен апатқа себеп болуы әбден мүмкін. Орман-дала өрттерінің басым көпшілігі, яғни 90%-дан астамы адам факторынан туындайды. Өкінішке орай, көптеген жағдайда өрттер адамдардың немқұрайдылығы мен жауапсыздығынан болады. Келес ауданы ТЖБ мамандары осы орайда өрттің ең жиі кездесетін себептерін атап өтті. Егер сіз далалы немесе орманды жерлерде шағын өртке кезіксеңіз, оны тоқтату үшін дереу сақтық шаралар қолдану алдын өрт сөндірушілерге т.т. қоңырау шалу керек, егер мүмкіндік болса өрттің шетіне топырақ тастау қажет. Кез келген апатты жағдайда тұрғындар қорғау жұмыстарына қатыстырылады. Өртпен күресуге балаларды, жеткіншектерді және екіқабат әйелдерді, бала емізетін әйелдерді қатыстыруға тыйым салынады. Егер сіз орман дала өртін сөндіретін топқа кірсеңіз, онда өрт сөндіру тактикасын білу қажет. Оның ішінде, егер түтін аймағындағы көз көрерлік он метрден аз болса, онда оған кіруге болмайтынына тоқталды. Сонымен қатар, сөндірілмей тасталған темекі қалдықтары әсіресе, далада немесе орман алқабында темекі шеккеннен кейін, темекі тұқылын толық сөндірмей тастау – өрттің ең қауіпті себептерінің бірі. Құрғақ шөп немесе бұталарға түскен бір ғана шоқ лезде жалынға айналып, үлкен аумақтарды шарпып кетуі мүмкін. Бос бөтелкелер және шыны сынықтары да күн сәулесінің шыны бетінде шоғырлануы (линза эффектісі) құрғақ шөпті тұтандырып, өртке себеп болуы мүмкін. Табиғатқа тасталған кез келген шыны бөтелке немесе сынық өрт ошағына айналу қаупін тудырады. Бұл мәселе көбінесе қоқыс мәдениетінің төмендігімен байланысты. Бақылаусыз қалдырылған оттың да зардабы көп. Демалысқа шыққанда жағылған оттарды толық сөндірмей кету немесе оны желдің ұшырып әкетуі мүмкін жерлерге жағу – өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу, сақтамау болып табылады. Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жасап жүргенде, егістік алқаптарын тазарту кезінде шөпті өртеу немесе техниканың ұшқындары да өрттің шығуына себеп болуы мүмкін. Балалардың оттық, сіріңке немесе басқа да отқа қауіпті заттармен ойнауы да ауқымды өрттерге әкелуі мүмкін. Сондықтанда балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау қажет. Өрттің алдын алуда сақтық шараларды сақтауы әрбір азаматтың жауапкершілігі мен міндеті деп топшылады Келестік төтеншеліктер.
Осы ретте Келес ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырады. Әрбір азаматтың сақтығы мен жауапкершілігі – орман-дала өрттерінің алдын алудың ең тиімді жолы екенін ескертеді.
Табиғатты қорға!: Орман-дала – біздің ортақ байлығымыз, экологиялық тепе-теңдіктің негізі. Оны сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Темекі шоғын жерге тастама!: Темекі шегушілерге темекіні тек арнайы бөлінген жерлерде немесе өрт қаупі жоқ, қауіпсіз жерлерде шегуге және оның қалдығын мұқият сөндіріп, арнайы қоқыс контейнерлеріне тастауға кеңес беріледі. Бөтелкені орманға емес, қоқыс жәшігіне таста!: Табиғатқа шыны бөтелкелерді, полиэтилен пакеттерін және басқа да қоқыстарды тастамаңыз. Олардың барлығын арнайы қоқыс жәшіктеріне немесе қалаға әкеліп, қайта өңдеу пункттеріне өткізіңіз. От жағу ережелерін де қатаң сақтаңыз. Егер от жағу қажет болса, оны желсіз, ашық жерде, айналасында жанғыш материалдар жоқ жерде жағыңыз. От жаққанда жанында су немесе құм дайындап қойыңыз. Отты толық сөндіргеніңізге көз жеткізіңіз, оның бірде-бір шоғы қалмағанына сенімді болыңыз. Әрбір ісіңізге жауапкершілікпен қараңыз. Олай болмаған жағдайда, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Келес ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аудан түрғындары мен қонақтарына жасаған бұл үндеуі – орман-дала өрттерінің алдын алуға бағытталған маңызды шара. Табиғатты қорғау, өрт қауіпсіздігін сақтау – бұл барлық азаматтардың ортақ міндеті. Тек бірлескен күш-жігермен ғана біз жасыл желектерімізді, ормандарымызды және даламызды өрт апатынан сақтап қала аламыз. Әрбір адамның жеке жауапкершілігі мен саналы әрекеті – болашақ ұрпақ үшін таза табиғатты сақтаудың кепілі екенін жадыңызда сақтағаныңыз жөн.