Қазақ жері – өз ұрпағын еңбекке баулып, отаншылдық рухта тәрбиелейтін құнарлы мекен. Осындай қазақтың қайсар ұлдарының бірі – Жайнақов Абай Құрманбайұлы, оның өмір жолы адал еңбек пен табандылықтың, кәсіпкерлік рух пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болып табылады.
Өмір жолының бастауы және білім алуы жайында тарқатып айтсақ, Абай Құрманбайұлы 1967 жылы 31 шілдеде Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Янгюль қаласында дүниеге келген. Жастық шағы мен білім алу жолы Қазақстанмен тығыз байланысты. 1982 жылы Бәйдібек ауданы, Боралдай елді мекеніндегі С. Ерубаев атындағы жалпы орта мектебін аяқтап, орта білім алдаы. Одан кейін, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы №141 кәсіптік техникалық училищесінде білімін жалғастырып, практикалық машықтарды меңгерді. Бұл оқу орындары оның болашақ еңбек жолына берік негіз қалады. Еңбек жолының бастапқы қадамдары 1987 жылы №201-ші жылжымалы механикаландырылған колонна мекемесінде ағаш ұстасы болып басталады. Бұл оның еңбекке деген құштарлығын, кез келген іске тыңғылықты кірісетін мінезін көрсетеді. 1990-1992 жылдар аралығында ХХІІ патсъезд кеңшарында бағбан болып қызмет етіп, жермен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді. Осы жылдардағы тәжірибесі оның кейінгі кәсібі – ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен септігін тигізді. Өзінің табандылығы мен еңбекқорлыңын ұштастыра білген кәсіпкер азамат, «Мырза» фермер қожалығын ашып, табысты кәсіпкерлік пен тұрақты жұмыс орындарын қалыптастырады.
1992 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Абай Құрманбайұлының еңбек жолы «Мырза» фермер қожалығымен тығыз байланысты. Ол осы қожалықтың төрағасы ретінде ауыл шаруашылығын дамытуға бар күшін салып келеді. Қожалықтың негізгі бағыты – қой мен қошқар өсіру. Бұл сала қазақ халқы үшін дәстүрлі әрі тиімді шаруашылық түрі болып саналады. Бүгінде еңбегімен танылған адамға деген құрмет ерекше. Неге десеңіз, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында қоғамның басты тірегі болып табылатын еңбек адамдарына, олардың елеулі еңбегіне назар аударып, жұмысшы мамандықтарын ұлықтауға ерекше мән берді. Президенттің бұл бастамалары ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, еңбекқорлық пен кәсібилікті қоғамның негізгі бағдарына айналдыруға бағытталған. Сонымен қатар, Президенттің айтуынша, 2025 жылы жұмысшы мамандықтарының ерекше жылы ретінде атап өтілуі жоспарланды. Бұл қоғамда еңбек адамына деген құрметті арттыру, жастар арасында кәсіби техникалық білім алуға ынталандыру мақсатында жасалып отырған маңызды қадам. Қоғамға белгілі кәсіптердің маңыздылығын жеткізіп, еңбек адамдарын ұлықтау тек олардың мәртебесін көтеріп қана қойиай, жалпы елдің экономикалық дамуына шешуші рөл атқаруы тиіс дегені бекерге айтылып жатқан жоқ.
Жоғарыдағыдай құрметке лайықты, Абай Құрманбайұлы тек өзінің ісін дөңгелетіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен үлес қосуда. Қазіргі таңда оның шаруа қожалығы 15 адамды тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Атап айтқанда, 3 қойшы тұрақты жұмыс істесе, 12 механизатор маусымдық жұмыстарға тартылады. Бұл – ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты азайтуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз. Аудан аумағына сіңірген еңбегң де елеусіз қалып жатқан жоқ. Дәлірек айтқанда, Абай Құрманбайұлының еңбекқорлығы мен қоғамға сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, түрлі марапаттармен аталып өтілуде. «Нұр Отан» партиясының «Алғыс хаты» – оның қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, партияның мақсаттарына қолдау көрсеткенін білдіреді. «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалі – жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дамуына қосқан үлесін көрсетеді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі – оның аграрлық сектордағы кәсіби жетістіктерінің мойындалуы мен аудан әкімінің алғыс хаттары – жергілікті деңгейдегі еңбегінің бағалануы. Бұл марапаттардың ішіндегі ең құрметтісі, әрі еңбегінің айқын айғағы – 2024 жылы Бәйдібек ауданының «Құрметті Азаматы» атануы. Бұл атақ оның туған ауданының дамуына қосқан үлесінің, халық алдындағы абыройының және еңбектегі ерлігінің символы.
Жайнақов Абай Құрманбайұлы – қарапайым ауыл тұрғынынан бастап, табысты кәсіпкерге және туған ауданының құрметті азаматына дейін көтерілген тұлға. Оның өмір жолы жастар үшін үлгі, еңбекқорлық пен мақсатқа жетудің жарқын мысалы. Абай Құрманбайұлының «Мырза» фермер қожалығы – ауыл шаруашылығының дамуына ғана емес, сонымен қатар жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға да елеулі үлес қосып келе жатқан кәсіпорын. Осындай азаматтардың арқасында еліміздің экономикасы нығайып, ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайы жақсара береді.

