Түркістан облысының ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі – Сайрам ауданында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2024 жыл аудан халқы үшін жаңа экономикалық бастамаларға толы, әсіресе мемлекеттік қайтарымсыз гранттар арқылы өз ісін ашқысы келетін немесе кеңейткісі келетін жас кәсіпкерлер мен жұмыссыз азаматтарға үлкен мүмкіндіктер ұсынылды. Бұл бастамалардың басты мақсаты – жергілікті экономиканы жандандыру, жұмыссыздықты азайту және халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, еңбек сүйгіштікке баулу.
Қоғам қайраткері, ақын А.Байтұрсынұлы өзінің даналық сөзінде «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген. Осыдан қаншама жыл бұрын айтылса да, бұл сөздің әлі сәні кеткен жоқ. Тіпті қазіргі заманның адамдарына арналып айтылғандай. Себебі жаһандану деп жар салып жатқан дәуірде ешкім «екі қолды бос қойдық, алдарыңа ас қойдық» деп отыра алмайды. Әлем көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Сол даму көшіне біз де ілесіп, әр адам жұмыс істеп, жұмысы жоқтар кәсіп ашып, ілгері жылжуға әрекет ету керек. «Жалқаудың жыры бітпес» демекші, не айтса да кежегесі кейін тартып тұратындар «Жұмыс жоқ» деп сылтаурататыны ақиқат. Осындай жағдай орын алмас үшін қазіргі кезде мемлекет тарапынан кәсіп бастаймын деушілер үшін қайтарымсыз грант ұйымдастырылып жатыр.
Бүгінде Ұлттық жобаны іске асыруда бұған дейінгі жүзеге асырылған жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларына біршама өзгеріс енген. Оның бірі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының төрағалығымен өткен 2022 жылдың 12 қаңтары күні кеңейтілген мәжілісте берілген тапсырмаға сәйкес, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бағытталған өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілетін грант Түркістан облысы Сайрам ауданында да жүзеге асуда. Қайтарымсыз гранттар бағдарламасы тек қаржылық қолдау ғана емес, сонымен қатар еңбек етуге құлшынысы бар азаматтарға сенімділік пен шабыт берді.
Әлеуметтік осал топтарды қолдау үшін берілетін қайтарымсыз грант арқылы бүгінде көп отбасы кәсіпашып, жағдайын жақсартып отыр.Мысалы, «Бастау бизнес» бағдарламасы кәсіп ашуға ниетті талапкерлерге арнайы білім алуға және өз бизнес-жобаларын іске асыруға мүмкіндік ұсынады.
Мұндағы бизнес-жобаларды іріктеу кезеңінде әсіресе көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, мүгедектігі бар адамдарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға басымдық беріледі.
Олар мемлекеттік бағдарламаның арқасында өз істерін бастауға қажетті дағдылар мен ақпарат алып, әуелі кәсіпкерліктің негіздерін үйренеді. Сосын мемлекеттік қолдауға, яғни қайтарымсыз грантқа ие болып, комиссия алдында қорғаған бизнес-жобаларын жүзеге асырады.
Қандайда бір жаңа кәсіп ашылса, қоғамдағы жұмыссыздықты сәл де болса азайтуға және экономиканың дамуына септігін тигізетіні анық. Грантқа ие болып, кәсібін жүргізіп отырғандардың кейбірімен сөйлескен едік…
Мемлекеттік бағдарлама мүмкіндігін тиімді пайдаланып отырғандардың бірі — Ақсукент ауылы Бабашев көшесі N21 үй тұрғыны, көп балалы отбасы санатындағы Шерзад Юсупов. Кейіпкеріміз 2024 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша әуелі кәсіпкерлік негіздерін оқып алады. Сосын кәсіпкерлік мақсаттағы 1,5 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант байқауына қатысып, комиссия оның бизнес-жобасына қажетті қаржыны мақұлдаған. Ол бұл қаражатқа грант арқылы заманауи жабдықтар сатып алып, өз ауылында кондитерлік цех ашыпты. Бүгінде оның өнімдері аудан орталығында және жақын маңдағы елді мекендерде үлкен сұранысқа ие. Цехта (нақты жұмыс орнының санын қосу) адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, Қарабұлақ ауылы Жастар көшесінің тұрғыны, көп балалы отбасы санатындағы Муқадас Сағинбековабірәз уақыттардан бері үлттық құндылығымызды жағңырту мен насихаттау және күн көріс қамымен өз бетімше еңбектеніп, үлттық нақыштағы заманауи киімдер тігіп жүрген болса, өткен жылдың тамыз айында тігін цехына 1 476 800тг мемлекеттік қайтарымсыз грантты алып, қазіргі таңда кәсібінің дөңгеленіп, 5 адамға жұмыс ұсынып, 100-150 мың теңге көлемінде жалақы беріп отырғанын мақтанышпен айтты.
Ал, Ақсукент ауылының тұрғыны Қалдыкүл Ермеква 2024 жылдың маусым айында алған қайтарымсыз грантын, балық шаруашылығын дамыту мақсатында, яғни қазіргі нарықта үлкен сұранысқа ие кәсіппен айналысуды әрі қарай жетілдіру мақсатында қажетті құралдарын алған. «Бұл бизнесті әрі қарай кеңейтуді жоспарлап отырмын», — деген кәсіпкер бәрі ерінбей еңбек еткеннің арқасы дейді. Сондай-ақ, Көлкент ауылының тұрғыны, 3-ші топтағы мүгедек «мемлекеттік бағдарлама — әлеуметтік осал топтарды қолдауға арналған керемет мүмкіндік. Әсіресе қайтарымсыз грант — кәсіп ашуға талаптанып, бірақ, қаржының жоқтығы қолын байлап отырғандарға үлкен көмек. Мен секілді әлеуметтік мәртебесі бар осал топ өкілдеріне жәрдемі дайын тұратын мемлекетімізге ризамын. Қиын кезде қолтықтан демейтін мемлекеттік бағдарлама, курстар барын айтып, хабардар еткен Сайрам ауданы «Мансап» орталығының қызметкерлеріне, кәсіпкерлік негіздерін оқытқан бизнес-тренерлерге алғыс айтамын», — дейді әңгіме арасында ризашылығын білдіргенАкмалжан Ахматалиев. Ол өзінің ауыл шаруашылығына алған техникасының бүгінде рақатын көріп отырғанымен бөлісті.
Шындығында еңбек пен кәсіп егіз ұғым екеніне ешкімнің де таласы болмас. Неге десеңіз кез келген кәсіп бастауда қаражаттың қолбайлау болатыны сөзсіз. Осы тұрғыда біздің мемлекет бекітілген санаттағы халыққа қайтарымсыз грант ұсынып, тірліктің көзін тапқан жандардың ешкімге қол жаймай, әрі қарай еңбектеніп, табыс көзіне қол жеткізуге басымдық беруде.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта да кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек. Өйткені, әрбір ашылған жаңа кәсіпорын, әрбір іске қосылған жоба – бұл Сайрам ауданының экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Мемлекеттік қолдаудың арқасында Сайрам ауданы жаңа экономикалық жетістіктерге жететіні сөзсіз.