Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты салтанатты іс-шарасы өтті. Мерекелік жиынға аудан басшысы Ерлан Нұрмаханов, мекеме басшылары, соғыс және тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері мен жастар қатысты деп, хабарлаған Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шара барысында аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов пен аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, батырлар мен ардагерлерге алғыстарын жеткізді. Жеңістің 80 жылдығына орай бірқатар тыл еңбеккерін «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Сонымен қатар Отан қорғаушылар күніне орай ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтауда, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытындағы еңбегі үшін бірқатар қызметкер мен ардагерге алғыс хаттар мен Құрмет белгілері табысталды.
Салтанатты шарада аудандық мәдениет үйінің ұжымы және білім беру ұйымдарының қатысуымен елге ерлік пен патриотизм рухын сіңіретін мазмұнды қойылымдар ұсынылды. Жиынға қатысушылар соғыста құрбан болған батырларды құрметпен еске алып, ерлікті ұлықтау арқылы ұрпаққа өнеге болар тағылымды шараға куә болды.