ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті қадағалауымен іске асырылып жатыр деп, хабарлаған Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Инвесторларға инфрақұрылыммен толық қамтылған арнайы аймақтар ұсынылып, жеңілдіктер қарастырылған. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облысқа тартылған шетелдік инвестиция көлемі артып келеді. 2024 жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемі 467 млн АҚШ доллары болып бекітіліп, жыл қорытындысымен өңірге тарлыған инвестиция көлемі 1 144,2 млн АҚШ долларын құрады. Жоспар 245%-ға орындалды. Нақтырақ айтқанда, ауыл шаруашылығы саласына – 2,1 млн АҚШ доллары, құрылысқа – 4,8 млн АҚШ доллары, тау-кен металлургия кешеніне 1 137,3 млн АҚШ доллары тартылған.
Сонымен қатар былтыр шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы сомасы 42,9 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде, 568 жаңа жұмыс орны ашылды.
Одан бөлек, шетелдік капиталдың қатысуымен 2025-2028 жылдар аралығында іске асырылатын 11 инвестициялық жобаның тізбесі жасақталды. Жобалардың жалпы құны – 319,7 млрд теңге. Жобалар толық іске қосылғанда 5710 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Биыл I тоқсанының қорынытындысымен өңір экономикасының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 196,5 млрд теңгені құрады (жоспар – 135 млрд теңге). Жоспар артығымен орындалды. Өңірге инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жалғасады.