Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде ерекше мазмұнды іс-шара – өзге ұлт әскери қызметшілерінің арасындағы «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауының алғашқы кезеңі өтті деп, хабарлаған ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» ӨңҚ баспасөз қызметы.
Бұл байқау – Мемлекет басшысының мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ел бірлігін нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Байқауға 6506 әскери бөлімінің әртүрлі бөлімшелерінен өзге ұлт өкілдері қатысты. Қатысушылар қазақ тілінде сөйлеу шеберліктерін, мәнерлеп оқу қабілеттерін, көркем шығармаларды жатқа айту дағдыларын және шығармашылық эссе жазу шеберліктерін паш етті.
Байқау барысында қатысушылар өз білімдерін жан-жақты көрсетіп, қазақ тіліндегі ауызекі сөйлеу, әдеби шығармаларды мәнерлеп оқу, сахналық қойылым көрсету сияқты бірнеше кезеңнен сүрінбей өтті. Әсіресе, байқаудың шығармашылық кезеңінде қатысушылар мемлекеттік тіл туралы өз жүрек жарды ойларын эссе түрінде жеткізіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Байқаудың қорытындысы бойынша, жоғары дайындық деңгейін, қазақ тілін еркін меңгергендігін және шығармашылық қабілетін көрсеткен сержант Артём Калашников топ жарып, жеңімпаз атанды. Ол өзінің қазақ тіліне деген ерекше құрметін, тілді меңгеруге деген зор ынтасын іс жүзінде дәлелдеді.
«Мемлекеттік тілді үйрену – мен үшін үлкен мәртебе. Қазақ тілін меңгеру арқылы мен елімнің мәдениетін тереңірек түсіндім. Бұл жеңіс мені әрі қарай да мемлекеттік тілді жетілдіруге ынталандырады», – деді өз сөзінде Артем.
Іс-шара соңында барлық қатысушылар алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Жеңімпаз сержант Артём Калашников алдағы уақытта байқаудың келесі кезеңіне қатысып, 6506 әскери бөлімінің намысын қорғайтын болады.
Ұйымдастырушылар осындай байқаулардың әскери бөлімдердегі мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейін арттыруға, түрлі ұлт өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен бірлікті нығайтуға зор ықпал ететінін атап өтті.
6506 әскери бөліміндегі «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауының алғашқы кезеңі – әскери қызметшілердің мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін айқындаған жарқын оқиға ретінде есте қалды.