Төлеби аудандық мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, неміс этносының мәдениеті күні мерекесі тойланды деп, хабарлаған Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және солай болып қала береді. Қазақстанда келісім, төзімділік, достық ұғымдары құр ұран емес, азаматтардың күнделікті өмір салтына айналған құндылық», деді.

Ауданда қалыптасқан қоғамдық келісім үлгісін көрсете білген этно мәдени орталықтың мерекелік жиынына аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев, аудандық мәслихат депутаты Сәкен Маженов қатысып, Тәуелсіз еліміздің береке бастауы көпұлтты халқымыздың ынтымағы жарасқан бірлігінде екенін атап өтіп, мерейлі мерекесімен құттықтады. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұлтаралық татулықты сақтау жолында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хаты», аудандық мәслихаттың Грамотасын табыс етті.

— Біз тұрып жатқан түрлі ұлт пен ұлысқа баспана болған киелі Төлеби жері неміс ұлты өкілдерінің де құт мекені, берекелі шаңырағы. Бар ұлт өкілімен бірлікте, бір-бірімен тығыз қарым қатынаста, достықта өмір сүруде,- деді құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуезханұлы.

Статистикалық деректерге сәйкес бүгінде ауданымызда 100-ге жуық неміс ұлтының өкілдері тұрады. Ұлттық орталық жанында вокал, хореография, би, қолөнер бұйымдарын жасайтын үйірмелері бар. Сондай-ақ, ұлттық мәдени орталық жанынан «Фея» клубы мен жексенбілік мектеп жұмыс жасайды.

Салтанатты жиында мәдени орталық қызметкерлері, жастар мерекелік концерт ұйымдастырып, жиналғандардың алғысына бөленді.