16 сәуірде Ұлттық ұланының 6698 әскери бөлімінде Шымкент қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 80-ге жуық жоғары сынып оқушылары үшін Ашық есік күні өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты өскелең ұрпақты рухты әрі патриот етіп тәрбиелеу және жастар арасында құқықтық тәртіп әскері қатарындағы қызметті танымал ету болды. Сонымен қатар маңызды шара елімізде кеңінен тойланып жатқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейлі мерекесінің құрметіне арналды.
Саптық алаңда жас өрендерге Ұлттық ұланның қаруланған әскери техникасы мен атыс қаруының түрлері, жауынгерлік киім үлгілері, байланыс және арнайы әскери құралдары көрсетілді. Жауынгерлер көрсеткен қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен қойылым тамашалады.
Оқушылар ұландықтардың жабдықтарын сынап көруге, нағыз жауынгерлік машиналардың руліне отыруға және естелік фотоға түсіруге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, іс-шараның бағдарламасы аясында қонақтарға кинолог мамандар құқық бұзушыны ұстау және тыйым салынған заттарды іздеу кезіндегі қызметтік иттердің іс-әрекетін көрсетті.
— «Бізге бүгін әскери өмірдің қыр-сырын көруге үлкен мүмкіндік жасалды. Армиямыздың қару-жарағымен, әскери формамен, техникалармен таныстық. Отан қорғаушы сарбаздардың әскердегі дайындығы, шымырлығы, қарумен жұмыс кезіндегі ептіліктері мені қатты қызықтырды. Бізде осындай күшті армия бар екенін мақтан тұтамын, болашақта мен де өз Отанымның алдындағы қасиетті борышымды міндетті түрде орындауға барамын», — дейді А.Байтұрсынов атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Нарметов Диярбек.
Ашық есік күніне келген мектеп оқушылары сарбаздарға өздерінің ізгі-тілектері жазылған хаттарын алғыс ретінде табыстады.
— «Өзіміз жетекшілік жасайтын мектептің жоғары сынып оқушылары үшін «Ашық есік күнін» өткізу біздің бөлімде дәстүрге айналған. Бұл өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге және әскери мамандыққа құрметпен қарауға ықпал етеді және сарбаздардың жауынгерлік қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті 6698 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Арман Утенов.
Шара соңында мектеп ұстаздары әскери бөлім басшылығына жастарға арналған патриоттық шара ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.