Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданына бірқатар Еуропа елдерінің елшілері ресми сапармен келді. Делегация құрамында Еуропалық одақтың және Аустрия, Грекия, Латвия, Мажарстан, Португалия, Румыния, Сербия, Швеция, Швейцария, Чехия, Хорватия, Финляндия сынды мемлекеттердің Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдері болды деп, хабарлаған Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Сапар аясында мәртебелі меймандар Бәйдібек ауданындағы тарихи-мәдени және табиғи мұралармен танысты. Елшілер, әсіресе, Қазақстандағы киелі орындардың бірі саналатын “Ақмешіт” үңгіріне арнайы барып, табиғаттың ерекше туындысына саяхат жасады. Туристік әлеуеті зор нысан — Бәйдібек өңірінің ең көрікті және көпшілікке танымал орындарының бірі.
Еуропалық делегация Ақмешіт үңгірінің тарихи, мәдени, табиғи маңыздылығына ерекше қызығушылық танытып, өңірдің туризм саласындағы мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Сапар барысында екіжақты мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ экотуризмді дамыту бағытында ұсыныстар мен пікірлер алмасылды.
Бұл шара – Қазақстан мен Еуропалық елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.