Бәйдібек ауданында жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды шара – «Болашаққа мүмкіндік – Жаңа өмір» атты форум өтті деп, хабарлаған Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің тәрбиесіне қоғамның назарын аудару, сондай-ақ жас ұрпақты адамгершілік пен патриоттық рухта тәрбиелеу.
Форумға аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, аудан прокуроры Мәди Байтелиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрдаулет Әжібеков, білім және мәдениет саласының өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.
Аталған жиында аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов жастарға тәрбие мен бағыт-бағдар берудің маңыздылығына тоқталып, аудан көлемінде жастарға қолдау көрсету бағытында бірқатар жобалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті.
– Жастар – ел болашағы. Саналы ұрпақ тәрбиелеу – тек мектеп пен мұғалімнің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біз жастарға тек білім беріп қана қоймай, өмірлік бағыт пен тәрбие де беруіміз қажет, – деді аудан басшысы.
Форум барысында аудан прокуроры Мәди Байтелиевпен аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрдаулет Әжібеков құқықтық мәдениетті қалыптастыруда отбасының, мектептің және ортаның рөліне тоқталды. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу үшін кешенді шаралар атқарылып жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар мен олардың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелері арасындағы тығыз байланыс нәтижесінде жағымды өзгерістер байқалып отырғанын айтты.
Форум аясында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары «Ұрлық та, ұлылық та – тәрбиеден» атты қойылымды сахналады. Қойылымда отбасылық тәрбие, дұрыс бағыт-бағдар берудің маңызы, теріс ортадан туындайтын қауіптер көркем түрде көрсетіліп, көрерменге ой саларлық терең мазмұн ұсынылды. Жастар мен ата-аналарға ой салған бұл қойылым форумның тәрбиелік мәнін арттыра түсті.
Шара соңында форумға қатысушылар ашық диалог алаңында пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.
«Болашаққа мүмкіндік – Жаңа өмір» форумы — жастар тәрбиесіне бағытталған тың бастама ретінде көпшіліктің оң бағасын алды. Мұндай іс-шаралар жас буынның құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін де терең ұғынуына мүмкіндік береді.