Бүгін Бәйдібек ауданының орталығы – Шаян елді мекеніне кіреберіс Шаян-Екпінді бағытының жол бойында көгалдандыру жұмыстары жүргізілді деп, хабарлаған Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған бұл шара экологиялық ахуалды жақсарту және жол бойын көгалдандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Жол бойындағы белгіленген аумақ арнайы қоршалып, оған тұя, терек, ива және клён ағаштарының 1 300 түбі отырғызылды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасып, жалпы 5 500 түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Аталған шараға Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов арнайы қатысып, алғашқы көшеттерді отырғызуға атсалысты. Ол көгалдандыру жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, аудан тұрғындарын табиғатты аялауға, жасыл желекті күтіп-баптауға шақырды.
– «Жасыл желек – табиғаттың байлығы, адамзаттың аманаты. Ағаш отырғызу – тек қоршаған ортаны қорғау ғана емес, келешек ұрпаққа жасалған игі іс. Сондықтан бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, Шаян-Екпінді бағытының бойын көгалдандыру арқылы ауданның экологиялық ахуалы жақсарып, жазғы мезгілде көлеңкелі жолдар пайда болады. Бұл бастама ауданның экологиялық және эстетикалық келбетін жақсартуға зор үлес қоспақ.
Көшет отырғызу жұмыстары жалғасын тауып, оған жергілікті тұрғындар мен мекеме қызметкерлері де белсене қатысуда. Бұл – ауданның көркеюіне үлес қосатын маңызды экологиялық бастама.