Еліміздің ең көне де, көркем жерлерінің бірі – Түркістан облысы. Жазы – жаныңды жадыратса, күзі – құбылмалы, қысы – көңіліңді сергітсе, ал көктемі — көркіне көз тоймайтын жыл мезгілдерінің ішіндегі ең ғажайып мезгіл. Айналадағы тіршілік атаулының бәрі ұйқыдан оянып, жандана түсуде. Дәл бүгін Рамазан айының соңғы күнінде күннің көзі жарқырай түсіп, алма ағаштары бүршік атып, тіпті кейбір жеміс талдары гүлдеп тұр.
Жыл мезгілдері сияқты, облысқа қарасты аудандары да бірінен бірі ерекшеленіп, өздеріне тән атаулары да бар.
Анығын айтқанда, сан қилы құпиясын қойнына алып, ежелгі дүниенің көнекөз елшісіндей болған, тарихы тұңғиық, Шерхан ағамыз шерін тарта айтқан, «тұлпарлар тұнған жер, сұңқарлар қонған жер» деп Түлкібасты тектен-текке айтпаған болар.
Төлебиім – таулы тасы тұнған тарих, Сайрамым – Сансыз баптар мекені. Ордабасым – ұлттық құндылыққа бай болса, Бәйдібегім – әулие, батырлар шыққан киелі жер. Отырар – ежелгі қалалар ордасы, Арыс – дастандардың даласы, ал Шардарам – шалқар көлімен, жағалауы шаңсыз алтын құмымен таныс. Сауран – тұнған тарих ордасы, ал Созағым – кең жазира жеріміздің бір тұшпағы. Шерхан ағамыз «Созақ деген ел бар. Бұл шалғай жатқан, өзіне Қадыр қонған ел» десе, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов «Созақты білмеген – Қазақты білмейді» деген тұжырым жасаған. Мақтараалым – жері жомарт, Жетісайым – жер жәннаты, Келесім – жәннаттағы жемістің бірі — жүзімнің отаны, Сарыағашым – туған жердің сырын шерткен көне жәдігерлерімен танылған жер мекені. Облысымыздың астанасы Түркістан – ер түріктің бесігі.
Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Ұлы Абай өзінің жиырма жетінші сөзінде: «Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззат алар едік?» — деген екен.
Қоршаған ортаға деген жанашырлық көзқарас, оны аялай білуге құштарлық жан-жақты мәдениеті дамыған жанның бойынан табылуы тиіс қасиет. Туған өлкенің торқалы топырағын басып, жұпар иісті кәусар ауасын жұтып, көгілдір аспанына көз жүгіртіп, сылдырап аққан мөлдір бұлағының суын ішіп, дархандығы мол даласын, орманды сай саласын, мұнарлы асқар таулы алқабын аралап өскен қазақ халқы қандай бақытты десеңізші. Осыншама тамылжыған тамаша табиғат байлығын одан әрі молайтып, әрі көркейтіп, көздің қарашығындай қорғап жүруден артық бақыт бар ма екен? Менің пайымымша жүрегі таза, сезімі мөлдір, жаны жомарт, табиғатты жанындай сүйе білетін адам ешуақытта айналасына қатыгездік танытпайды. Бүгінгі және келешек ұрпағымыздың санасына ізгілік қасиеттер, аяушылық, сүйіспеншілік, қамқорлық, жаны ашушылық сезімдерді егуді басты мақсатымыз деп санасақ, нұр үстіне нұр.