Шүкіршілік етейік, бүгінде елімізде арақ сатылмайтын, ішімдік ішілмейтін ауылдар саны көбейіп келеді. Ол ауылдардың дүкендерінде ішімдік атаулы сатылмайды, дастарқанға арақ-шарап қойылмайды. Неге десеңіз, оның себебі мен салдары жетерлік.
Анығын айтқанда арақ туралы көп әңгіменің ешқайсысы ешқашан жақсылыққа жуыған емес: дәрігерлер оны үзілді-кесілді түрде денсаулыққа зиянды санаса, құқық қорғаушылар күн сайынғы қылмыстардың басым бөлігін осы арақпен байланыстырады, дін қызметкерлері «адамды адам кейпінен айыратын су, шайтанның құрған торы» деуден танбайды, ал қоғам көзқарасында алкогольді қырып-жоятын қарулар қатарына қосу керектігін айтатындар да бар. Жасыратыны жоқ бүгіндері жиын-той, отырыстарды арақсыз өткізуді салтқа айналдырған отбасылар қатары көбейіп, тіпті арақ сатылмайтын ауылдар да пайда болды. Әрине мұның бәрі еселі еңбектің арқасы.
Дәл бүгін Генерал М.Қабденов халықпен есептік кездесу жиынын өткізіп, жылдың басты жаңалығы Түркістан облысының 60-тан астам ауылы ішімдік сатудан бас тартқанын жеткізді. Өз басым бұл ақпаратты қуана қабылдадым. Іштей ризашылығымды, әлеу желіде оқырман назарына жеткізуді жөн санадым.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов облыс тұрғындарына онлайн режимде есеп берді. 17 ауданның полиция басшылығы бейнеселектор арқылы қосылды. Есеп беру трансляциясы департаменттің ресми парақшасында тікелей эфирде жүргізілді.
Генерал М.Қабденов өз баяндамасында: «Облыс бойынша 61 ауыл (Дермене, Табысты, Жаңажол, Нұртас, Мәдениет және т.б.) ішімдік сатудан бас тартты. Бұл арақсыз ауылдар құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Аталмыш ауылдарда соңғы бірер жылда қылмыс тіркелмеген, тәртіп пен тыныштық орнаған. Осындай берекелі ауылдар өзгелерге үлгі болуы тиіс»-деп атап өтті.
Сондай-ақ “Заң мен Тәртіп” қағидаты бойынша өңірде атқарылып жатқан профилактикалық іс-шаралар мен ҚР ІІМ Е.Сәденовтің 2025 жылды «Профилактика жылы» деп белгілеуіне байланысты өткізіліп жатқан іс-шараларды тілге тиек етті. Қылмыс деңгейі азайғанын жеткізді.
Мәселен Түркістан облысында 2024 жылы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық саны 3,2 пайызға төмендеген. Ұрлық – 38,7%-ға, мал ұрлығы – 43,7%-ға азайған. Пәтер ұрлығын жасаған 8, алаяқтық қылмыстарын жасаған 23, мал ұрлаумен айналысқан 16 қылмыстық топ ұсталған.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындар тергеу саласы бойынша бірқатар сұрақтарын жолдады. Оған қоса қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, нөлдік төзімділік, алаяқтық қылмысы, мал ұрлығының алдын алу, патрульдік полицейлердің қызметі, камералар орнатуға қатысты түрлі сұрақтар келіп түсті. Жалпы жедел желі мен әлеуметтік желі арқылы 100-ден астам сұрақ түсіп, барлығына дерлік сол мезетте жауап берілді.
Жалпы генералдың әлеуметтік желідегі парақшасында 13 мыңнан астам жазылушы бар. Полиция басшысы желі қолданушыларымен күнделікті байланыста екенін, олардан келіп түскен сауалдарға уақтылы жауап беретінін жеткізді.
Өз кезегінде полиция басшысы М.Қабденов криминогендік жағдайдың тұрақты болуы үшін жеке құрам алдағы уақытта да жұмыла іске кірісетінін жеткізді. Ал тұрғындар тәртіп сақшыларына сенім білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Антына адал тәртіп сақшыларының отбасына амандық, ал жұмыстарында тек қырағылық пен абыройлары артсын деген үміт.