Төлеби ауданы Ленгір қаласындағы орталық алаңда Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Қош келдің әз — Наурыз» атты мерекелік іс- шара өтті деп, хабарлаған Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі — Әз Наурызбен жиналғандарды аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Наурызнама онкүндігіне сай, әр күннің маңыздылығына орай, тазарту жұмысынан бастап, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуге арналған көптеген шаралар ұйымдастырылуда екенін айтқан аудан басшысы жұртшылықты ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында қолға алынған жұмыстарымен таныстырды.

Ауданымызда Президентіміздің бастамалары, облыс әкімінің тапсырмалары, мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Ауданда инвестициялық әлеуетін арттыру, өнеркәсіпті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, салық түсімдерін ұлғайту мақсатында Бадам су қоймасының жанында индустриялық аймақ құрылуда. Киелітас ауылы аумағынан өндірістік парк құру жоспарлануда. Наурыз мейрамы байтақ елімізге молшылық, қасиетті жерімізге құт-береке әкелсін. Еліміздің ырысы артып, ырзығы молая берсін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін! Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін!, деді өз сөзінде аудан әкімі.

Мерекелік жиын «Қош келдің, әз — Наурыз» атты композициялық қойылымымен басталып, «Наурыз — думан» әнімен жалғасын тапты. Қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт дәстүрді дәріптейтін тұсау кесер, киіз басу секілді аналардың қатысуымен арнайы қойылым көрсетілді. Сондай -ақ, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы қаланың кішкентай тұрғындарының тұсауын кесіп, спорт сайысы жеңімпаздарын марапаттады.