Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Кеңестөбе елді мекенінде жүргізіліп жатқан аяқжол мен арық жүйелерінің құрылыс жұмыстарымен танысты деп, хабарлаған Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Аталған жоба ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға және ауылдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Аяқжол құрылысы аяқталған соң жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі артып, ауылішілік қозғалыс реттеледі, ал арық жүйелері ауылдағы су реттеу мәселесін шешіп, ағын суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Аудан басшысы жұмыстың сапасы мен мерзімін басты назарда ұстау қажеттігін атап өтіп, жауапты мердігер мен ауыл әкіміне құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«Кез келген құрылыс жұмысы сапалы әрі ұзақ мерзімге жарамды болуы керек. Халық игілігі үшін жасалып жатқандықтан, барлық талаптардың сақталуы міндетті», – деді Ерлан Нұрмаханов.
Жергілікті тұрғындар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына оң бағасын беріп, аудан әкімдігі тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға алғыс білдірді.
Бәйдібек ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.