Құрметті Сайрам ауданының тұрғындары!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» — деген болатын.
Президентіміз бастаған «Таза Қазақстан» акциясы тұрғындардың санасындағы тазалықты сақтау мәдениетіне үлес қосуға тың серпін берді. Аталған науқан аясында өңірімізде тазалық шаралары жүргізілуде. Дегенмен арамызда еткен еңбекті еш кетіретін тұрғындар да жоқ емес. Саябақтар мен көшелерде кейбір жандар ретсіз қоқыстарды тастаудан тиылмай тұр. Бұл жағдай күнделікті тазалық жүргізіп жүрген жұмысшылардың еңбегін жоққа шығаруда.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті болуы тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас аудан мен ауылдың айнасы. Тазалық пен тәртіп – кез-келген өңірдің дамуына кепіл ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі.
Барша жерлестерімді, еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлерді игі бастаманы өз үйінен бастап, аулалар мен көшелерде, мөлтек аудандарда жүзеге асыруға, ауылдарда тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырамыз.
Тазалық – біз бен Сізден басталады!
Құрметпен,
Сайрам ауданының әкімі
Сабитов Арман Сабитұлы