Кеше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу.
Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс, деп тапсырма берді. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу қажеттігін айтып, халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аударуға үндеді.
Осы тұста, бүгін партиямыздың «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында көшпелі мобильді қоғамдық қабылдау өтті. Қоғамдық қабылдаудың мақсаты – мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсету мен халық қажеттіліктерін қанағаттандыру, заң шеңберінде тиісті уәкілетті органдар арқылы мәселелерді шешу және жүгінген азаматтарға құқықтық көмек ұсыну.
Қазығұрт елді мекенінде өткен шараға Түркістан облыстық мәслихат депутаты Н.Аширов, Аудандық мәслихат депутаты С.Қыпшақбаев, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Н.Медеуов және Аудандық партия филиалының төрағасы Е.Исақұлов, Аудандық бөлім басшылары мен Отбасы банк кеңесшісі Г.Абдикулова мен жеке сот орындаушылары қатысты.
Қабылдауға келген Қазығұрт елді мекенінің тұрғындары көп балалы аналар мен жалғыз басты аналар әлеуметтік көмек пен тұрақты жұмысқа орналасу мәселесін,атаулы әлеуметтік көмекке қатысты бірқатар сұрақтарына заң шеңберінде жауап алды.
Одан бөлек, Қазығұрт елді мекенінің ардагерлері елді мекенге Беккери шұңқыры қажет екендігін, сондай -ақ елді мекен ішіндегі көшелерге көше жарығын орнату мәселерін қозғады. Аталған өтініштер бақылауға алынып заң шеңберінде жауаптары жолданатыны түсіндірілді.
«Шолпан» бөбекжай балабақшасының ұжымы атынан келген тәрбиешілер мен көмекші тәрбиешілер балабақшадағы сағаттың қысқарту мәселесін көтерді. Нәтижесінде, көмекші тәрбиешілердің сағаты 9 сағаттан қысқартылмайтыны түсіндірілді.
Естеріңізге сала кетейік партиямыздың «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырлыған алғашқы мобильді қабылдауын барлық елді мекенде өткізу жоспарланып отыр.