Қазақ руханияты мен ғылымы ауыр қазаға ұшырады. Абайтанушы, ел ағасы, ардақты ақсақал, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы 95 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Марқұмның отбасы мен тұтас Қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз.
Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылғы 9 мамырда Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген.
Біртуар тұлға, теңіздей терең білім иесі саналы ғұмырында қазақ руханияты мен ғылымына өлшеусіз үлес қосты.
Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректоры болды. Қазақстан ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, абайтану бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жемісті еңбек етті. Кафедра меңгерушісі, Ясауи ғылыми лабораториясының меңгерушісі, Әдебиет және этнофилология ғылыми-зерттеу орталығының директоры болды.
Сонымен бірге Түркітану ғылыми-зерттеу институтының директоры болып, түркі әлемін зерттеу, біріктіру жолында аянбай тер төкті.
Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының, «Құрмет» орденінің, «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлығының, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері.
Мекемтес Мырзахметұлының елге сіңірген еңбегі, ізденіске толы зерттеулері мен кітаптары қазақ тарихында мәңгі қалады.