Сөз бар ғой, “кемшілігін білген адам — мықты” деген. Кемшілікті мойындау да осал шаруа емес. Кейде сол кемшіліктердің қолдан жасалынатыны уақыт өте айқындалатыны шындық.
Өткен апта Түркістан облысы Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек Датқа аулындағы аумағы 5 гектардан астам саябаққа бардық. Осыдан екі жыл бұрын сынға алған саябақтың сәні кіре бастаған. Түрлі көшеттер мен жеміс ағаштары отырғызылып, ағымдағы жылы аудандық мәслихаттың депутаты Сиқымбай Сағындықов қарауыл үйін соғуды, ал облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Жамалбеков балалар ойнайтын алаңша орнатуды жоспарлағанынан хабардар болдық.
Ауыл әкімі Есбол Жаназатұлы “Қасымбек Датқадағы саябақты көркейту жұмыстары жүріп жатыр. Оның пайдалануға берілгеніне көп уақыт болмаса да, бүгінде ауыл тұрғындарының саялы саябағына айналуда. Алайда бақылаудың болмағанынан жарықшамдарды, орындықтарды сындырып, бүлдіріп кететіндердің әрекетін тоқтату мақсатында қос азаматтың қуантарлық әрекеті көңілге қуаныш сыйлауда” дейді.
Бізде ауылдың көркеюіне барынша атсалысып, қандайда бір берекелі істің басында жүрген азаматтардың тірлігіне тамсанып, ылайым жақсы дүниелерді жариялау бұйырсын деген тілеуде болдық.