Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен, Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» облыстық акциясы Сайрам аудандық Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде өтті, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Акцияның мақсаты – қалалық, аудандық кітапханалар мен аудандар арасында әріптестік байланысты нығайту, өз өлкесі мен өлке қаламгерлерін өзге ауданға кеңінен таныстыру.
Кітапханашылар шараның І бөлімінде Түркістан мен Кентау қаласының зиялы қауым өкілдері және кітапхана қызметкерлері мен оқырман қауымға фойеде жасақталған «Ұлы Жібек жолының жаңғырығы – Сайрам», «Шындықты шырақ еткен қаламгер» атты кітап көрмелерін таныстырды. «Сайрамның сансыз сыры» тақырыбында өлкеге арналған бейнекөрсетілім көпшілік назарына ұсынылды.
Ал ІІ бөлімі Қазақстанның Құрметті жазушысы, Түркі әлемі Жазушылар одағының президенті, ақын, сазгер Баян Тіленшинаның 75 жас мерейтойына арналған «Алаштың Ақбаяны» атты шығармашылық кешіне ұласты. Аудан әкімінің орынбасары М.Әліпов алғысөз сөйлеп, аудан әкімі А.Сәбитовтің құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыстады. «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қ.Сыздықов, Сайрам ауданының «Құрметті азаматы» М.Есалиев кеш иесін құттықтады. Кешті модератор ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Мәртөбе» аудандық газетінің редакторы Н.Төремұратов жүргізді.
Аудан қонақтары Түркістан қалалық орталық кітапханалар жүйесінің директоры К.Малдыбекова, ҚР мәдениет қайраткері, Түркияның Афион қаласының Құрметті азаматы, әнші-композитор С.Елеуов, Кентау қалалық орталық кітапханалар жүйесінің директоры Г.Кокулова, Кентау қаласының Құрметті азаматы, ҚР қоғам қайраткері орденінің иегері, Кентау қалалық оқушылар үйінің «Өнер әлемі» драма үйірмесінің жетекшісі, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Б.Мыңбай ақынға жүрекжарды тілектерін жеткізіп, Сайрам аудандық орталық кітапханалар жүйесіне кітаптар сыйлады.
Кеш барысында Б.Тіленшинаның әні мен сөзіне жазылған әндер шырқалып, кітапханашылар ақынның туындыларын оқыса, «Шаттық» бөбекжай балабақшасының тәрбиеленушілері «Әріп-Әліп» әдістемелік құралында жазылған өлең шумақтарын оқыды.