Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, аудандық және ауылдық құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту іс-шараларын жалғастыру, заманауи технологиялар енгізу және өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеру жөнінде тапсырма беріп келеді.
Осы орайда, Ордабасы ауданына қарасты Қараспан елді мекенінде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылдың шілде айында басталған нысан құрылысы қысқа мерзім ішінде аяқталып, ел игілігіне табысталды.
Жаңадан ашылған бұл нысан Қараспан ауылдық округіндегі 14 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өрт пен өзге де төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл – аталған бағдарлама шеңберінде Түркістан облысында бой көтерген 16-шы өрт сөндіру бекеті.
Бекет заманауи талаптарға толық сай келеді. Мәселен, арнайы өрт сөндіру автокөлігімен, шақыртуларды қабылдау бөлмесімен, жатын бөлмемен, асхана және жуынатын бөлмелермен жабдықталған. Мұнда арнайы дайындықтан өткен 6 қызметкер жұмыс істейді.
Салтанатты шараға Түркістан облысы ТЖД басшысы Бағдад Чайзада, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, аудандық ТЖБ бастығы Жомарт Қоспанов, сондай-ақ ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында аудан әкімі Азат Оралбаев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, халық қауіпсіздігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Арнайы өрт сөндіру автокөлігі мен бекеттің кілті Қараспан ауылдық округінің әкіміне салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ сапалы құрылыс жүргізген мердігер ұйымға алғыс хат беріліп, ауыл ақсақалы ақ батасын берді.
Салтанатты жиынның соңында қатысушылар мен ауыл қариялары игі дәстүр бойынша жаңа бекеттің ауласына шырша көшеттерін отырғызды.

