Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және пробация есебінде тұрған азаматтардың діни әрі құқықтық сауаттылығын арттыру – алдын алу жұмыстарының маңызды бағыты. Осы орайда Кентау қалалық пробация қызметінде қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мен рухани қауіпсіздікті сақтауға бағытталған арнайы ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Жиынның басты мақсаты – пробация есебіндегі азаматтар арасында деструктивті діни идеологиялардың таралуына жол бермеу, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу және олардың қайта қылмыс жасауының алдын алу болып табылады. Маңызды профилактикалық іс-шараға құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері мен облыстық, қалалық деңгейдегі білікті теолог мамандар қатысып, пробация есебіндегі тұлғалармен ашық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, Кентау қалалық пробация қызметі бөлімінің басшысы, әділет майоры Ғ.Бердишев, Кентау қалалық прокуратурасының прокуроры Д.Досалыев, Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Н.Дүйсебай және «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы М. Шермухамбет қатысты.
Кездесу барысында сарапшылар деструктивті діни ағымдардың психологиялық арбау әдістері, ғаламтор кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздік ережелері мен жат идеологиялардың қоғамға тигізер зардаптарын жан-жақты талқылады. Прокуратура және пробация қызметінің өкілдері заңдылық пен құқықтық тартипті сақтау, қоғамдағы бейбітшілік пен конституциялық құрылымды құрметтеу азаматтық міндет екенін ескертті. Сонымен бірге теолог мамандар халқымыздың дәстүрлі Ислам мен ұлттық салт-дәстүрлерінің оңалту процесіндегі орнына тоқталып, қатысушыларды отансүйгіштікке және заңға бағынуға шақырды.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға құқықтық және теологиялық турғыдан нақты жауаптар берілді. Кентау қаласында пробация есебіндегі азаматтармен жүргізілетін мұндай профилактикалық ағартушылық шаралар тұрақты түрде өз жалғасын табатын болады.

