Түркі әлемінің рухани темірқазығы, ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің бай философиялық мұрасын зерделеу, жастардың тарихи санасын жаңғырту және дәстүрлі рухани құндылықтарды ұлықтау мақсатында Кентау шаһарында «Ясауи керуені» атты ауқымды ғылыми-танымдық семинар өтті. Салтанатты да танымдық жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, көрнекті ғалымдар, білікті теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері және белсенді қала жастары қатысты.
Ғылыми-танымдық жиынды «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерлан Дәкенов жүргізіп, Ясауи жолының түркі халықтарының рухани тұтастығындағы тарихи орнына тоқталды. Семинардың ашылуында Түркістан облысының Дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы сөз сөйлеп, Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу мен оны өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың, жастардың тарихи-рухани танымын арттырудың мемлекеттік және қоғамдық маңызын ерекше атап өтті.
Басқосу барысында отандық белгілі теологтар мен ясауитанушы ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады. Профессор, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай – Ясауи философиясының ислам цивилизациясындағы орны мен түркілік дүнйетанымның ерекшеліктерін сараптады. Білікті дінтанушы маман Сержан Оразбай – Ахмет Ясауи ілімінің заманауи қоғамдағы деструктивті идеологияларға қарсы ақпараттық-рухани қалқан болу потенциалын түсіндірді. «Яссауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов – Ұлы ойшылдың «Диуани хикмет» еңбегіндегі гуманистік идеялар мен жаңа ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен бөліссе, философия докторы, PhD Төлеген Мұхит – Ясауи хикметтеріндегі адамгершілік құндылықтар, имандылық пен ұлттық сана сабақтастығын баяндады.
Семинарға қатысушылар Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын мектеп оқушылары мен студент жастар арасында кеңінен дәріптеу, ұлттық құндылықтар мен бабалар жолын дәстүрлі ағартушылық бағытта насихаттау мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты. Кентауда өткен «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары қаланың рухани-мәдени өміріне серпін беріп, қоғамдағы рухани тұтастықты нығайтуға зор үлес қосты. Рухани керуеннің танымдық шаралары облыс көлемінде өз жалғасын табатын болады.

