Заманауи ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуымен бірге әлеуметтік желілер мен виртуалды кеңістіктегі қауіп-қатерлер де жаңа сипат алуда. Бүгінде Telegram, WhatsApp, Viber сияқты танымал мессенджерлердегі жабық діни топтар сырттай қарағанда діни білім беретін немесе рухани ағартушылық орта болып көрінгенімен, кей жағдайда адамның көзқарасы мен дүниетанымына біртіндеп, байқатпай кері әсер етуі мүмкін.
Осы өзекті де күрделі мәселе бойынша «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің білікті теолог маманы Шынар Нұрулла арнайы түсіндірме беріп, тұрғындар мен жастарды ақпараттық қауіпсіздікке бейжай қарамауға шақырады. Теолог маманның айтуынша, ғаламтордағы деструктивті виртуалды топтардың арбау әдістері мен психологиялық манипуляция элементтерін білу – жат ағымдардан сақтанудың басты кепілі.
Егер сіз немесе жақыныңыз мүше болған желідегі топта төмендегідей белгілер байқалса, дереу сақ болған абзал. Мәселен, балама пікірлерге, дәстүрлі діни ұстанымдарға немесе ғылыми аргументтерге тыйым салынуы мен өзге діни өкілдерді немесе дәстүрлі бағытты ұстанатын азаматтарды теріске шығару, оларға агрессиялы көзқарас таныту. Сондай-ақ элитарлық» санайтын түсінік «Біз ғана дұрыс жолдамыз, қалғандары адасқандар» деген тар шеңбердегі қағидатты қалыптастыру, яғни ошақтандыру және оқшаулау бағытында адамды отбасынан, жақындарынан, дәстүрлі қоғамдық ортадан алыстатуға ұмтылу.
Виртуалды кеңістіктегі жабық топтар көбіне ресми тіркеуден өтпеген, белгісіз шетелдік немесе анонимді теологтардың материалдарын тарату арқылы жастардың психологиясына әсер етеді. Сондықтан да «Кентау қалалық Руханият орталығының» мамандары діни сауалдар бойынша тек Қазақстан мұсылмандары дини басқармасының (ҚМДБ) ресми ресурстарына, сондай-ақ ресми теологтар мен имамдардың дәрістеріне сүйенуге кеңес береді.
Виртуалды кеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік – әрбір азаматтың жеке қауіпсіздігі мен рухани саулығының негізі. «Кентау қалалық Руханият орталығы» дайындаған арнайы бейнероликті соңына дейін көріп, күмәнді топтардан бойды аулақ ұсту қажеттігін ескертеді.

