Жаңа оқу жылының басталуымен бірге жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, мектеп пен қоғамдық орындарда балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету және өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік бағытта тәрбиелеу басты міндеттердің біріне айналды. Осы орайда Кентау шаһарында жауапты мекеме өкілдері мен білім беру саласы мамандарының қатысуымен мазмұнды алқалы кездесу өтті.
Ауқымды жиынды Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы жүргізіп, бала тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық секторлардың бірлескен әрі жүйелі жұмысының маңызы жоғары екенін ерекше атап өтті. Жасөспірімдер қауіпсіздігін талқылауға арналған бұл маңызды басқосуға қаланың барлық негізгі тәрбие және құқықтық құрылымдарының, яғни қалалық прокуратура және полиция бөлімінің өкілдері, білім бөлімінің мамандары, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, педагог-психологтар мен теолог мамандар, мешіт имамдары, ата-аналар, Аналар кеңесінің мүшелері және қала жастары жұмылдырылды.
Жиын барысында жаңа оқу жылындағы тәрбие және профилактикалық жұмыстарды күшейту, буллинг пен құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары кеңінен сарапталды. Осы бағытта бірқатар білікті мамандар өз бағыттары бойынша баяндама жасады. Кентау қалалық білім бөлімінің психология саласының әдіскері Замира Нұрдәулетқызы — оқушылардың психологиялық саулығын сақтау, мектептегі жайлы ортаны қалыптастыру және психологиялық қолдау көрсету алгоритмдерін түсіндірді. Қалалық олиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік және кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі бөлім бастығы, полиция майоры Жанболат Ахметов — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, түнгі уақыттағы рейдтік шаралар мен құқықтық жауапкершілік мәселелерін баяндады. Ал, «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ директоры Әділбек Қайырбеков — жастардың бойында ұлттық құндылықтарды орнықтыру, рухани-адамгершілік тәрбие беру және жат идеологиялардан қорғау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Баяндамашылар өз сөздерінде бала тәрбиелеуде «Отбасы – Мектеп – Қоғам» үштағанының бірлескен әрі тығыз қарым-қатынасының шешуші рөл атқаратынын бірауыздан атап өтті. Басқосу барысында қатысушылар арасында қызу пікір алмасып, мектеп өміріндегі қауіпсіздік пен тәрбиеге қатысты сауалдарға жауаптар берілді. Жиынның қорытынды сөзін Кентау қалалық Аналар кеңесінің мүшесі Бибі Дәрібаева сөйлеп, өскелең ұрпақтың амандығы мен дұрыс азамат болып қалыптасуында әрбір отбасы мен тұтас қоғамның үлкен жауапкершілігі бар екенін айтып, ата-аналарды бала тәрбиесіне сергек қарауға шақырды.
Қауіпсіз мектеп – қауіпсіз орта. Қауіпсіз орта – саналы ұрпақтың негізі екені айқын. Кентауда жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен рухани тәрбиесін нығайтуға бағытталған бұл жүйелі жұмыстар оқу жылы бойы тұрақты түрде бақылауда болады.

