Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде «Руханият орталықтарын» құру жөніндегі тапсырмасы негізінен Ұлттық құрылтайларда және мәдениет қызметкерлерімен кездесулерде айтылған «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасымен және ұлттық бірегейлікті сақтау идеясымен тікелей байланысты.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы ұсынған Руханият орталықтары жастарға мәдени-рухани және адамгершілік тәрбие беретін негізгі ошаққа айналуы тиіс. Орталықтардың басты мақсаты – қоғамда жауапкершілік, әділдік, еңбекқорлық пен отаншылдық құндылықтарын дәріптеу.
«Руханият орталығы» дегенде ойымызға ең алдымен не келеді? Тек діни сауаттылықты арттыру ма, әлде одан да ауқымды рухани-мәдени ұғым ба?
Шын мәнінде, «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің қызметі – тек бір бағытпен шектелмейді. Мекеме жұмысы тұтас қоғамның рухани-мәдени дамуына, азаматтық жауапкершілік пен ұлттық болмысты сақтауға бағытталған 6 маңызды басым саланы толық қамтиды.Аталмыш мекеме ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды насихаттап, жас буынның бойына ұлттық код пен ана тіліне деген құрмет сіңіріледі және түрлі шығармашылық үйірмелер, танымдық кездесулер мен мәдени шаралар тұрақты түрде ұйымдастыруда.
Сонымен қатар, орталық жүзеге асыратын әрбір бағыттың өзіндік стратегиялық мақсаты бар. Мәселен, ата-бабадан жеткен асыл мұраларды жаңғырту, халқымыздың бай әдет-ғұрыптарын заманауи қоғамда кеңінен дәріптеу. Өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезімді, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыру, отбасы институтын нығайту. Мемлекетіміздің конституциялық зайырлылық қағидаттарын түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда заңдылық пен тәртіпті орнықтыру. Жат діни ағымдардың ықпалына түскен немесе адасқан азаматтармен, олардың отбасыларымен психологиялық, теологиялық сараптамалық және оңалту жұмыстарын жүргізу. Халық арасында дәстүрлі Ислам мен әлемдік діндердің толеранттылық құндылықтарын насихаттап, діни сауаттылықты арттыру арқылы жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру. Жастар бойында отаншылдық пен патриотизмді ту етіп, туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті нақты игі істермен дәлелдеуге баулу.
Осы бағытта атқарылған шаралардың барлығы түптеп келгенде – елдің ішкі бірлігін нығайтуға, мәдени капиталды арттыруға және жаңа заманның жасампаз ұлтын қалыптастыруға бағытталған. Әрбір берілген басымдықтың өзіндік міндеттері мен атқарар іс-шаралар кешені болғанымен, бәрінің тоғысар басты түйіні бір – рухани сауатты, ұлттық құндылықты құрметтейтін, заңды сыйлайтын, елжанды да жауапты қоғам қалыптастыру. Сондықтан да Кентау қалалық «Руханият орталығы» ұжымы өткізетін кездесулер, ақпараттық-түсіндіру жиындары, қайырымдылық акциялары мен рухани-мәдени іс-шаралар тұрғындардың азаматтық позициясын нығайтуға қызмет етеді. Демек, руханият – санада, құндылық – тәрбиеде, отаншылдық – жүректе.
Кентау қалалық «Руханият орталығы» елдің тұтастығы мен рухани саулығы жолындағы жүйелі жұмыстарын алдағы уақытта да белсенді түрде жалғастыра береді.

