Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында, санасы сергек, ойы озат ұлт өткен күннен сабақ алады, өткен тарихын биікке көтереді және әрдайым алға ұмтылады деген болатын. Ия, отаншылдық, әр азаматтың туған еліне деген сүйіспеншілігі әдемі сөзбен өрілмеуі тиіс, ол нақты істен көрініс табуы қажет.
Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтар мен рухани мұраны сіңіруді мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде үнемі алға қойып келеді. Тоқаев өз сөздерінде жас қазақстандықтарды отансүйгіштікке, ана тілін құрметтеуге және тарихты қастерлеуге тәрбиелеудің маңыздылығын жиі атап өтеді. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы аясында мектептер мен балабақшаларда балалардың бойына ұлттық намыс, жауапкершілік, еңбекқорлық қасиеттерді сіңіруге бағытталған арнайы шаралар іске асырылуда. Себебі, өскелең ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілік, отансүйгіштік қасиеттер мен ұлттық сана-сезімді қалыптастыру – білім беру мен тәрбие саласының басты темірқазығы. Осы орайда 8 қыркүйек күні Кентау шаһарындағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 жалпы білім беретін мектепте оқушылармен мазмұнды әрі рухани-танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Ауқымды ағартушылық іс-шараның басты мақсаты – жас буынға халқымыздың ғасырлар бойы сұрыпталған салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының терең мәнін түсіндіру, ұлттық тәрбие тұғырын нығайту және рухани мұрамызды дәріптеу болып табылады. Салтанатты да танымдық жиынға «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің ұлттық құндылықтарды насихаттаушы мамандары Т.Сүлейменов, Г.Қаныбек, жас маман М.Утепбаева, сондай-ақ Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Кентау қалалық филиалының басшысы Б.Әшірбаев арнайы қатысты.
Басқосу барысында спикерлер оқушылармен еркін форматта пікір алмасып, ата-бабадан жеткен асыл мұралардың, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты әдептілік қағидаларының жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны мен ұлттық болмысты сақтау, ана тіліне, тарихқа және туған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыру және заманауи білім мен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, ел болашағына адал қызмет ету мынадай басты бағыттарға баса назар аударды.
Шара соңында оқушыларға ұлттық салт-дәстүрлер мен рухани құндылықтарды насихаттайтын ақпараттық-түсіндіру бүктемелері мен тараптар әзірлеген арнайы буклеттер үлестірілді. Мектеп оқушылары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан тұщымды жауаптар алды.
Ұлттық құндылық – ұлт болашағының, Мәңгілік Ел идеясының берік негізі. Мектеп қабырғасында өскелең ұрпақты тамыры терең ұлттық мұраға баулуға бағытталған мұндай кездесулер Кентау қаласының өзге де білім шаңырақтарында тұрақты түрде өз жалғасын табады. Неге десеңіз, бұл шаралардың басты мақсаты – жаһандану заманында жас ұрпақтың ұлттық кодын сақтап, оларды заманауи білімді меңгерген, сонымен бірге өз елінің патриоты ретінде қалыптастыру.

