Қоғамда ұлттық тәрбиені нығайту, салт-дәстүрді ұлықтау және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында Кентау қаласында жүйелі ағартушылық жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы орайда «Құрылыс Кентау» ЖШС қызметкерлері мен қалалық кондоминиум төрағаларының қатысуымен рухани-танымдық ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Жиынның негізгі мақсаты – еңбек ұжымдары арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және қоғамдағы өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін арттыру болып табылады. Басқосу барысында қоғамның берік тұғыры саналатын асыл қасиеттер мен тәрбиелік бағыттар кеңінен сарапқа салынды. Мәселен, ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың асыл мұраларын күнделікті өмірде қолдану мен жас ұрпаққа өнеге ету мәселелері, қоғамдағы өзара сыйластық, үлкендердің ақылын тыңдау және кішіге қамқорлық танытудың адамгершілік маңызы және шаңырақтағы ынтымақ, берік отбасылық құндылықтар мен отбасылық тәрбиенің қоғам тұрақтылығындағы орны жайында әңгіме өрбіді.
Мазмұнды іс-шараға Кентау қалалық «Руханият орталығының» ұлттық құндылықтарды насихаттаушы маманы Т.Сүлейменов пен білікті теолог маман Ш.Нұрулла арнайы қатысып, қатысушыларға танымдық дәріс оқыды.
Спикерлер өз сөздерінде ұлттық болмыс пен рухани тазалықты сақтау еңбек ұжымдарындағы ауызбіршілікті арттыруға зор ықпал ететінін атап өтіп, қатысушы тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берді.
«Құрылыс Кентау» ЖШС-де өткен бұл кездесу еңбек ұжымына рухани серпіліс сыйлап, ұлттық мұрамызды ұлықтаудың маңызын тағы бір мәрте айшықтады. Қалалық «Руханият орталығының» мұндай танымдық кездесулері өзге де мекемелерде өз жалғасын табатын болады.

