Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан бірлік пен өзара бауырмалдық символы – «Асар» дәстүрін қайта жаңғырту және қаламызда тазалық мәдениетін орнықтыру мақсатында Кентау шаһарында кезекті ауқымды бастама қолға алынуда. Кентау қалалық «Руханият орталығының» ұйымдастыруымен, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Асарлат» акциясы өтеді.
Ауқымды шараның негізгі мақсаты – ұлттық дәстүрдің терең мәнін дәріптеу, тұрғындарды ортақ игі іске жұмылдыру, көркейту-көгалдандыру мәдениетін қалыптастыру және тұрғын үй аулаларының тазалығына деген азаматтық жауапкершілікті арттыру болып табылады. Экологиялық әрі рухани акция қаламыздың орталық көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үй аулаларын қамтитын болады. Шараның өтетін орны мен уақытына тоқталсақ, 12 қыркүйек, сағат 10:00-де, Абай даңғылы №1, 3, 3А, 5 және Қонаев даңғылы №6, 8 үйлерінің аулалары.
Жалпы, «Асар» – ежелден елді ұйыстырған, жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін айшықтайтын асыл құндылық. Акция барысында тұрғындар, жастар мен еріктілер бірлесе отырып, аула іштерін күл-қоқыстан тазартып, ағаштарды түптеп, қоршаған ортаны көркейтуге атсалысады. Кентау қалалық «Руханият орталығы» шаһар тұрғындарын, әсіресе Абай мен Қонаев даңғылдарының тұрғындарын туған қаланың тазалығына жанашырлық танытып, ортақ игі іске белсене қатысуға шақырады. Себебі, тазалық – босағадан, ал ынтымақ – ортақ істен басталады. Бірлік пен өзара көмектің шынайы көрінісіне айналатын «Асарлат» акциясына бірге атсалысып, қаламыздың таза әрі көрікті болуына бір кісідей қатысуға шақырамыз.

