Қоғамдық денсаулықты сақтау, жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу және халық арасында иммундау жұмыстарының тиімділігін арттыру – денсаулық сақтау саласының басты басымдықтарының бірі. Осы орайда Кентау қалалық емханасында профилактикалық егуден бас тартқан азаматтардың қатысуымен вакцинацияның маңыздылығын түсіндіруге арналған кешенді дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Алқалы іс-шараның негізгі мақсаты – халық арасында вакцинацияның маңызы туралы ғылыми негізделген әрі жан-жақты дәлелді ақпарат беру, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға кәсіби тұрғыда жауап қайтару және жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту болып табылады. Танымдық дөңгелек үстел барысында медицина, санитариялық бақылау және руханият саласының білікті мамандары сөз алып, вакцинацияның әлеуметтік және медициналық маңызын жан-жақты сарапқа салды.
Кентау қалалық емханасы бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары А.С.Өтегенова – басқосуды салтанатты түрде ашып, вакцинацияның қоғамдық денсаулықты қорғаудағы, әсіресе ана мен баланың амандығын қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызына кеңінен тоқталды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің маманы Б.Тастанбеков – Кентау қаласындағы жұқпалы аурулар бойынша ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды баяндап, аурушаңдықтың нақты статистикалық көрсеткіштері мен вакцинацияланбаған азаматтар арасындағы қауіп-қатер деңгейін ұсынды. Ал, Кентау қалалық «Руханият» орталығының директоры Әділет Қайырбеков – вакцинация мәселесінің тек медициналық емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтар, өзара жанашырлық пен қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілікпен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Жиын барысында екпе егуден бас тартқан тұрғындар өздерін күмәндандырған сауалдарын қойып, мамандардан тұщымды жауаптар алды. Дәрігерлер мен эпидемиологтар вакциналардың қауіпсіздігі, құрамы, сақталу тәртібі мен тиімділігі жөнінде ғылыми деректерді көлденең тартты.
Кентау қалалық емханасында өткен бұл түсіндіру шарасы тұрғындардың медициналық сауаттылығын арттырып, вакцинацияға деген сенімін нығайтуға зор септігін тигізді. Денсаулықты сақтау мен аурулардың алдын алуға бағытталған мұндай ашық диалог алаңдары алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

