Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды ресми түрде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Президенттің тапсырмасы аясында елімізде жастардың инженерлік-техникалық әлеуетін шыңдау, цифрлық білмді дамыту және IT саласын ынталандыру бойынша ауқымды стратегиялық міндеттер жүзеге асырылуда.
Осы орайда, Кентау қаласында цифрлық білімді дамыту, жастардың инженерлік-техникалық дағдыларын шыңдау және IT саласына ынталандыру бағытындағы жүйелі жұмыстар халықаралық бәсекеге жол ашуда. Жуықта өткен WRO ALMATY 2026 республикалық робототехника олимпиадасында «Robomektep.kz» командасының өкілдері кентаулық оқушылар Хакназар Джақсылықов мен Дулат Әбдіхалық жоғары дайындықтарын көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді. Команда өздерінің мұқалмас табандылығы, техникалық тапқырлығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында ел үздіктерінің қатарынан көрініп, жоғары нәтижеге лайық деп танылды.
Бұл биік жетістік – жас өнертапқыштардың қажырлы еңбегінің, үздіксіз ізденісі мен тәлімгерлерімен бірге жүргізген жүйелі дайындықтарының жарқын нәтижесі. Республикалық деңгейдегі күрделі тапсырмаларды шешіп, роботтарды бағдарламалау мен құрастыруда жоғары шеберлік танытқан өрендер енді халықаралық деңгейде өз қабілеттерін дәлелдеуге мүмкіндік алды.
Республикалық олимпиададағы жүлделі орынның арқасында оқушылар 2026 жылдың қыркүйек айында Үндістан Республикасында өтетін WRO Championship халықаралық жарысында Қазақстанның намысын қорғауға ресми жолдама жеңіп алды.
Бұл жеңіс – үлкен білім жолының бастауы. Енді кентаулық «Robomektep.kz» командасы Үндістандағы халықаралық аренада еліміздің Көк туын биіктен желбіретіп, Қазақстанның абыройын асқақтатуға дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Қаламыздың атын республикаға танытып, халықаралық додаға жолдама алған жас робототехниктерді, олардың ұстаздары мен ата-аналарын шын жүректен құттықтап, Кентаулық дарындарға Үндістанда өтетін халықаралық чемпионатта тек жеңіспен оралуына тілеулеспіз.

