Кентау қаласында қоршаған ортаны қорғау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті орнықтыру және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау бағытындағы ауқымды бастамалар қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Осы орайда, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кезекті плоггинг жарысы өтті.
Спорт пен экологиялық жанашырлықты тоғыстырған бұл игі шара қала тұрғындарының басын біріктіріп, туған шаһардың тазалығына нақты үлес қосуға мүмкіндік берді. Плоггинг — серуендеу немесе жүгіру кезінде қоқыс жинау форматында өткен бұл жарысқа балалар, жастар және ата-аналар өте белсенді қатысты. Қатысушылар белгіленген аумақта белсенді қозғалыс жасай отырып, шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтарды жинап, тазалық жұмыстарын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде жүргізді.
Шараның негізгі басымдықтары серуендеу мен жүгіру арқылы денсаулықты нығайту және физикалық белсенділікті арттыру, тұрғындардың, әсіресе жастардың бойында туған қалаға деген жанашырлық пен тазалық мәдениетін қалыптастыру, балалар мен ата-аналардың бірлесе еңбек етіп, өскелең ұрпаққа өнегелі үлгі көрсетуіге бағытталды. Жарыс соңында табиғатты қорғауға өз үлесін қосқан барлық қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен сергітетін балмұздақтар табыс етілді. Ұйымдастырушылар тарапынан белсенділік танытқан азаматтарға шын жүректен алғыс білдірілді.
Экологиялық плоггинг жарысымен қатар, Кентау қаласындағы мекеме, кәсіпорын және ұйым қызметкерлерінің қатысуымен жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Мекеме ұжымдары қаланың орталық көшелерін, саябақтары мен қоғамдық орындарын күл-қоқыстардан тазартып, аумақтарды көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясындағы мұндай мазмұнды да нәтижелі бастамалар Кентау қаласында алдағы уақытта да тұрақты түрде өз жалғасын табады. Тазалықты сақтау мен қоршаған ортаға ұқыппен қарау – әрбір кентаулықтың азаматтық парызы.
Тарқата келе айтпағымыз, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы – бұл тек қоршаған ортаны қоқыстан тазарту ғана емес, өскелең ұрпақтың бойында жасампаздық, еңбекқорлық және жауапкершілік құндылықтарын қалыптастырудың бірегей тетігі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, экологиялық мәдениет кез келген елдің сақтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі болып табылады. Балалардың осы акция аясында жасампаздыққа тәрбиелеудің негізгі бағыттары олардың суды үнемдеу, қоқысты сұрыптау және табиғатты аялау сияқты қарапайым әрекеттер арқылы қоршаған ортаны өзгерте алатын тұлға екенін сезінеді. Ендеше, акция аясында балалар тек тазалаушы емес, жаңа өнім шығарушы, жасаушы ретінде танылуда екенін мақтанышпен айтуға болады.

