Жалпы, «Таза Қазақстан» жобасының мақсаты – елімізді көркейту, жұртымызды ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ-бірлігімізді күшейту. Бүгінде Қазақстанның әр аймағында ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам түрлі экологиялық іс-шара өтті. Осы маңызды жұмысқа 7 миллион адам қатысып, 130 мыңнан астам жер тазартылған. Сондай-ақ, еліміз бойынша 1,3 миллион тал егілген.
Осындай игілікті шараға өзіндік үлесін қосып отырған Кентау қаласында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті орнықтыру және өскелең ұрпақты тазалық пен салауатты өмір салтына баулу бағытындағы кешенді бастамалар қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Осы орайда республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында шаһардағы бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында ерекше форматтағы плоггинг шарасы ұйымдастырылды. Тазалық пен спортты ұштастырған экологиялық акцияға қаланың кішкентай тұрғындары мен жастары өте белсенді қатысып, туған шаһардың тазалығына өз үлестерін қосты.
Шараның басты ерекшелігі – балалардың бос уақытын пайдалы да қызықты өткізуінде болды. Плоггинг барысында бүлдіршіндер спорттық жарыс түрінде белгіленген аумақтарда жүгіріп жүріп, тұрғын үй аулаларындағы шашылған күл-қоқыстарды жинады. Шараның басты басымдықтары, балаларға тазалықтың әрбір азаматтың күнделікті әдетінен басталатынын іс жүзінде түсіндіру және дене шынықтыру мен қоршаған ортаға деген қамқорлықты бір мезетте ұштастыру. Сонымен қатар, өз қаласына, тұратын ауласына деген сүйіспеншілікті нақты игі істермен көрсету. Нәтижесінде, бір мезетте сергектік пен тазалықты ту еткен бұл акция балалар үшін өте қызықты, тартымды әрі пайдалы өтті.
Табиғатқа жанашырлық танытқан кішкентай эко-еріктілердің еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Шара соңында тазалық акциясына белсене қатысқан барлық балаларға арнайы сыйлықтар үйлестіріліп, жазғы ыстықта сергітетін балмұздақтар таратылды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай игі де танымдық бастамалар Кентау қаласында алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Өйткені туған өлке тазалығын сақтау – баршамызға ортақ азаматтық міндет.

