Өскелең ұрпақты адалдыққа, патриотизмге тәрбиелеу және білім сапасын арттыру мақсатында қолға алынған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында 2026–2027 жаңа оқу жылының басталуына орай, Байылдыр ауылындағы С.Қожанов атындағы мектепте 1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Алғашқы қоңырау» салтанатты жиыны жоғары деңгейде өтті. Ауылдың басты білім ұясында өткен айтулы шараға ауыл тұрғындары, қадірлі қонақтар мен ұстаздар қауымы кеңінен қатысты.
Мерекелік жиынға Байылдыр ауылының әкімі Б.Бимухамбетов, ата-аналар комитетінің төрағасы Ш.Шамшуддинов, Султанбек Қожанов бабамыздың ұрпақтары мен шөберелері О.М.Беркинбаев пен С.С.Қожанов, ардагер ұстаздар А.Қарабаева мен Н.Есжанова, сондай-ақ мектеп директоры Т.Атенова қатысып, сөз сөйледі.
Қонақтар ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған 1-сынып оқушыларына ак жол тіледі. Өз сөздерінде олар: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» және «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі» екенін ерекше атап өтті.
Байылдыр ауылының әкімі Б.Бимухамбетов мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бүлдіршіндерге «Білім кілтін» салтанатты түрде табыс етті. 1-сынып оқушылары ұстаздар мен қонақтарға арнап жүрекжарды өлеңдерін оқып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жиынның ең толқынысты әрі әсерлі сәтінде күміс үнді алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылына салтанатты түрде жол ашылды. Шара соңында 1-сынып оқушылары сынып жетекшілерімен бірге мектепке кіргізілді.
Салтанатты жиынмен қатар, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Полиция және балалар» тақырыбында танымдық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары бірінші сынып оқушыларына, жолда жүру ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде маңызды ақпарат берді. Балаларға арнайы дайындалған «Полиция және балалар» тақырыбындағы кітапшаларды таратты. Тақырыптық бояу жұмыстарын ұйымдастырып, бүлдіршіндердің құқықтық сауаттылығын ойын түрінде арттырды.
Жаңа оқу жылы жас өрендер үшін білім мен жеңістерге толы болып, болашақ жастарымыздың өмірі жарқын болғай деген ниеттеміз.

