Өскелең ұрпақтың өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар беру, кәсіби бейімділігін анықтау және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына жағдай жасау – білім беру мекемелерінің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда 2026 жылғы 3 қыркүйекте Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстары аясында арнайы сауалнама ұйымдастырылды. Танымдық шараны мектептің кәсіптік бағдар беруші педагогы Замира Мадиханқызы Тұрсұнова «Мамандық таңдау – өмірімнің бір кірпішін дұрыс қалау» тақырыбында жоғары деңгейде өткізді.
Аталған сауалнаманың басты мақсаты – бітіруші сынып оқушыларының болашақ кәсіпке деген көзқарасын, жеке қызығушылықтары мен бейімділіктерін анықтау. Сонымен қатар әр оқушының жеке қабілеттерін ескере отырып, болашақ кәсіби бағытын адаспай, саналы түрде айқындауына әдістемелік ықпал ету болып табылады.
Сауалнама барысында жоғары сынып оқушыларының еңбек нарығындағы түрлі салаларға деген ықыласы мен бейімділігі, мамандық таңдауда ата-ананың, қоғамдық сұраныстың және жеке қалаудың рөлін зерделеу, оқушылардың өз білімі мен жеке қабілеттерін таңдаған кәсібімен ұштастыра білу деңгейі және мектеп бітіргеннен кейінгі білім алу траекториясы мен болашақ мақсаттары жөніндегі өзекті бағыттар сарапқа салынды.
Жүргізілген сауалнама нәтижелері мектептің кәсіптік бағдар беру қызметі үшін маңызды ақпараттық база болды. Алынған мәліметтер алдағы оқу жылында атқарылатын кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүйелі жоспарлауға, әрбір оқушыға жеке бағыт-бағдар беретін кеңестер ұйымдастыруға және мамандықты саналы таңдауға қолдау көрсетуге негіз болады.
«Әлемдегі ең қиын өнер – мамандық таңдау» демекші, мектеп қабырғасында жүргізіліп жатқан мұндай жүйелі зерттеулер мен ағартушылық шаралар кентаулық жас өрендердің болашақта бәсекеге қабілетті, өз ісінің нағыз шебері болып қалыптасуына зор септігін тигізеді.

