Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Білім күніне арналған құттықтаулары мен Жолдауларында: «Білім – елдің болашағын айқындайтын басты құндылық» деп атап көрсетті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әрбір оқушының бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық және жауапкершілік сияқты қасиеттердің қалыптасуы маңызды екенін және білім алу тек баға үшін емес, елге қызмет ететін саналы азамат болу үшін қажет екенін айтады.
Қазіргі уақытта еліміздің 8 мыңнан астам мектебінде 4,1 миллион оқушы білім алады. 5 мыңнан астам мектеп ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл алғаш рет 380 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. 11 – сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Салыстырмалы түрде айтсақ, алдыңғы оқу жылында мектепті 230 мыңнан астам адам бітіретін болады.
Ия, жаңа 2026–2027 оқу жылының басталуына орай Кентау қаласының барлық білім беру ұйымдарында дәстүрлі Білім күніне арналған алғашқы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шаһардағы айтулы мерекелік шаралардың бірі Ә.Молдағұлова атындағы №19 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінде өтті. Салтанатты жиынға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов және қалалық білім бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков арнайы қатысып, мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Мерекелік жиынның ашылуында сөз алған мектеп директоры Гүлжан Қадырова ұстаздар мен оқушыларға, ата-аналарға ізгі тілегін білдіріп, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге сапалы білім мен жарқын жетістіктер тіледі.
Шаһар басшысы Жандос Тасов өз құттықтау сөзінде білімнің ел болашағын айқындайтын басты тетік екеніне тоқталды: «Білім – ел болашағының айқын көрінісі. Ал сол білімнің биігіне ұмтылған оқушыларымыз оқу, ғылым, өнер, спорт және түрлі шығармашылық бағыттарда өз қабілеттерін танытып, қаламыздың мерейін республикалық және халықаралық деңгейде көтеріп келеді. Олимпиадалар мен ғылыми жобаларда, пәндік байқаулар мен зияткерлік сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген оқушыларымыздың әрбір жетістігі – ұстаз еңбегінің, ата-ана қолдауының және бала талпынысының ортақ нәтижесі», – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, қала әкімі ұстаздар қауымына сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі қажырлы еңбектері үшін алғыс білдіріп, өскелең ұрпақты білім биіктерін бағындыруға шақырды.
Салтанатты шараның ең тебірентерлік әрі ерекше сәті – мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған егіздер Пернебек Алпамыс пен Пернебек Ясинаның жаңа оқу жылының алғашқы сыңғырлаған қоңырауын соғуы болды. Мерекелік жиын барысында, оқушылар Білім күніне арналған әсем әндерін шырқап, отбасы мен мектепке арналған жыр-шумақтарын оқыды. Дарынды өрендердің өнері ұстаздар мен ата-аналарға ерекше көтеріңкі көңіл-күй мен мерекелік атмосфера сыйлады.
Салтанатты жиын аяқталған соң қала әкімі Жандос Тасов мектептің оқу сыныптарын аралап, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндермен және жоғары сынып оқушыларымен тілдесті. Шаһар басшысы жас өрендерге сәттілік тілеп, жаңа оқу жылында да білім мен ғылым биіктерін бағындырып, Кентау қаласының абыройын асқақтата беретініне сенім білдірді.

