Ел бірлігін нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақ тәрбиесінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – білім беру саласының басты басымдықтарының бірі. Осы орайда 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай Кентау қаласының барлық білім беру ұйымдарында мерекелік апталықтың салтанатты ашылуы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Тілі басқа болғанымен – тілегі бір, жүзі басқа болғанымен – жүрегі бір Қазақстан халқының ең үлкен құндылықтарының бірі – тілдерге деген зор құрмет пен өзара түсіністік. Мектептердегі салтанатты шаралар осы ынтымақ пен достықтың жарқын көрінісіне айналды.
Мерекелік апталық аясында мектеп оқушыларына тілдің қоғамдағы біріктіруші рөлі мен оның азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызы кеңінен түсіндірілді. Білім ордаларындағы шаралар мынадай үш тағанды негізге алды. Атап айтқанда, ана тілі – ұлттың жаны мен рухани қазынасы, мемлекеттік тіл – елдіктің берік тұғыры мен тәуелсіздік нышаны, өзге тілдер – мәдениеттер арасындағы сұхбатты қамтамасыз ететін алтын көпір.
Мектептердегі мерекелік іс-шаралар барысында оқушылар тілдің қадірін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтады. Оқушылар түрлі тілдерде өлеңдер оқып, ән айтып, өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен тіліне құрмет көрсетудің өнегелі үлгісін танытты. Мәселен, «Бір шаңырақ астында – сан түрлі тіл, бір жүректе – бір Отан!» ұранымен өтіп жатқан апталық барысында ұстаздар қауымы бүгінгі жас ұрпаққа тіл үйретудің терең мәніне тоқталды. Бүгінгі таңда балаға тіл үйрету – тек сөздік қорды байыту емес, ең алдымен достықты, сыйластықты, өзара түсіністік пен елдегі бірлікті тәрбиелеу болып табылады.
Әрине, тілді құрметтеу – өзге тілді бағалаудан бастау алады, ал тілге деген сүйіспеншілік – Отанға деген шексіз құрметтің айқын белгісі. Кентау қаласының білім беру мекемелерінде Тілдер мерекесіне арналған танымдық кештер, интеллектуалды сайыстар мен ашық сабақтар апталық бойы өз жалғасын табады.

