Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясында білім саласын жаңғырту бойынша берген тапсырмаларын іске асыру жолдары талқыланған ауқымды кеңейтілген мәжіліс өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен алқалы жыйынға аудан және қала әкімдері, білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, жоғары оқу орындарының өкілдері, Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің мамандары, ардагер ұстаздар мен сала сарапшылары қатысты. Мазмұнды жиында өңірдегі білім сапасының қазіргі жағдайы терең сараланып, қордаланған мәселелерді шешу жолдары мен алдағы нақты міндеттер айқындалды. Басқосуда облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, өңірдегі білім сапасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Баяндамада айтылғандай, Кентау қаласы Түркістан облысындағы 17 аудан мен қала арасында Ұлттық бірңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижесі бойынша І-орынды иеленіп, жоғары көрсеткіш көрсетті.
Кентау қаласының басты көрсеткіштері жайында тарқатсақ, Кентау қаласы бойынша биыл 1 053 түлек ҰБТ-ға қатысты. Тестілеу нәтижесінде 531 түлек мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Облыс бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 64,83 балды құраса, Кентау қаласы бойынша бұл көрсеткіш 78,56 пайызды құрап, облыстық межеден айтарлықтай жоғары болды.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров білім саласына жауапты басшылар мен мектеп директорларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Өңірде білім сапасын арттырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыратын кешенді жоспар әзірленіп, облыс әкімі жанынан Білім сапасы жөніндегі өңірлік кеңес құрылатын болады. Сондай-ақ, жиында әр мектептің білім нәтижесін қамтитын бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесін енгізу. ҰБТ көрсеткіші төмен білім ұяларымен жұмысты күшейту және педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының тиімділігін бағалау. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын күнделікті сабақ үдерісінің негізгі бөлігіне айналдыру. 2027 жылдан бастап білім бөлімдерінің аудан және қала әкімдіктеріне берілетініне байланысты жергілікті атқарушы органдардың білім сапасына қатысты жауапкершілігін артыру мәселелері бағытындағы басымдықтар жүктелді.
Мәжіліс барысында Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Камилла Ауанасова, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, білім саласының тәуелсіз сарапшысы, Халықаралық EdCrunch конференциясының негізін қалаушы Нұрлан Қиясов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нышан Байғұтов баяндама жасап, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
ҰБТ қорытындысы бойынша облыста топ жарған Кентау қаласында білім сапасын көтеру, оқушыларға сапалы білім беру және білім ұяларының материалық-техникалық инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы кешенді жұмыстар қарқынды түрде жалғасады.

