Түркістан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру саласын дамыту, педагогикалық инновацияларды енгізу және оқыту сапасын арттыру бағытындағы дәстүрлі ауқымды шаралар өз жалғасын тапты. Осы орайда, Түркістан облысының білім басқармасы ұйымдастырған білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі аясында арнайы секциялық отырыстар болып өтті.
Тамыз айының 13–17 аралығында ұйымдастырылған бұл жиынның негізгі мақсаты – өткен 2025–2026 оқу жылының қорытындысын зерделеп, саралау, білім сапасын арттырудың тиімді тетіктерін айқындау және алдағы 2026–2027 оқу жылына қойылатын басым міндеттерді нақтылау болып табылады.
Бес күнге созылған мазмұнды жиын барысында білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар өзекті бағыттар кеңінен талқыланды. Отырыста қаралған негізгі басымдықтар, білім беру сапасын арттыру және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін үздіксіз жетілдіру мен оқушылардың алған білімін өмірде қолдану қабілетін (функционалдық сауаттылығын) дамыту.
Сондай-ақ, оқу үдерісінде заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді де қауіпсіз пайдалану мен мектептердегі тәрбие жұмысын жетілдіру, оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беру және білім алушылардың жеке қабілеттерін дамыту мәселелері талқыланды.
Секциялық отырыс барысында Кентау қаласынан барған және өңірдегі өзге де тәжірибелі педагогтер мен білім беру саласының сарапшылары өздерінің озық іс-тәжірибелерімен бөлісті. Олар білім беру үдерісінде жоғары нәтиже беріп жүрген заманауи интерактивті әдіс-тәсілдерін таныстырды. Қатысушылар жаңа оқу жылындағы өзекті мәселелер бойынша еркін пікір алмасып, практикалық шеберлік сабақтарына қатысты. Бұл бағыттағы жұмыстар мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға және білім берудің жаңа стандарттарын игеруге бағытталды.
Ауқымды жиынның қорытындысы бойынша 2026–2027 оқу жылында білім сапасын сапалы жаңа деңгейге көтеру, педагогтердің кәсіби дамуын қолдау және мектеп оқушыларына сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытындағы нақты хаттамалық міндеттер айқындалды.
Тамыз кеңесінің секциялық отырыстары кентаулық педагогтер үшін өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен тиімді педагогикалық шешімдерді талқылауға мүмкіндік берген маңызды да жемісті кәсіби алаңға айналды.

