Кентау қаласында өскелең ұрпақтың білім көкжиегін кеңейту, оқу сауаттылығын арттыру және кітапханалар жұмысын заман талабына сай жаңғырту бағытындағы нәтижелі шаралар өз жалғасын табуда. Осы орайда Кентау қалалық білім бөлімінің бекітілген жоспарына сәйкес, Ә.Бөкейханов атындағы №23 жалпы білім беретін мектептің базасында «Кітап оқуды қалай арттыруға болады?» тақырыбында қалалық семинар ұйымдастырылды.
Ауқымды семинардың басты мақсаты – мектеп оқушыларының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті насихаттаудың ең тиімді де заманауи әдіс-тәсілдерін іс-тәжірибе арқылы көрсету болып табылады. Іс-шара барысында №23 мектептің тәжірибелі кітапханашылары Ж.Керимбекова мен Ғ.Ерубаева сөз алып, оқушыларды кітап әлеміне баурап алуға арналған креативті жобалар мен жаңаша педагогикалық тәсілдерді таныстырды.
Семинарда ұсынылған негізгі бастамалар, оқушыларды тұрақты әрі жүйелі түрде кітап оқуға баулитын, олардың арасында салауатты бәсекелестік пен оқу мәдениетін қалыптастыратын ынталандырушы бағыт. Сондай-ақ, оқылған көркем шығарманың мазмұнын, кейіпкерлер жүйесін көрнекі графикалық түрде талдау арқылы оқушылардың логикалық ойлау, талдау және сыни көзқар ас қабілеттерін дамыту тәсілі және кітап оқуды заманауи медиатехнологиялармен ұштастыра отырып, интерактивті әрі тартымды форматта ұйымдастырудың тиімді жолдары қамтылды.
Семинар барысында қалалық мектептерден келген кітапханашылар мен педагогтар өзара пікір алысып, оқу сауаттылығын арттыру бағытындағы жаңа идеяларымен бөлісті. Қатысушылар бұл кездесудің кітапханалар қызметін жаңа деңгейге көтеруге, оны оқушылар үшін тартымды ортаға айналдыруға және жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті.
Кітап – білімнің сарқылмас қазынасы, ал оқуға деген құштарлық әрбір тұлғаның өрісін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Кентау қаласының білім беру мекемелерінде балалардың интеллектін дамытуға бағытталған мұндай танымдық семинарлар тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.

